Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Непалда қатты су тасқынынан кейін екі қазақстандық әйел жоғалып кетті

Су тасқыны
Фото: Reuters

Қазір Непал мен Қытай шекарасындағы жойқын тасқыннан кейін екі қазақстандық азаматты іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жоғалған әйелдердің бірі туристік топтың құрамында болып, шекарадан өткен.

Сыртқы істер министрлігі жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеп, қазақстандық әйелдердің туыстарымен байланыста.

Айта кетейік, бұған дейін Сыртқы істер министрлігі Непалдағы табиғи апат аймағында жүрген қазақстандықтарға қатысты ақпарат берген еді. Сәрсенбі күні кешкі мәлімет бойынша, қазақстандықтар қаза тапқандар, зардап шеккендер немесе із-түзсіз жоғалғандар қатарында болмаған.

Алайда кейін Қазақстан азаматының бірімен байланыс жоғалғаны белгілі болды. Жаңа ақпарат Непал мен Қытай шекарасына жақын орналасқан таулы Расува ауданындағы ауқымды іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатқан тұста жарияланды.

Непалдағы апат салдарынан қаза тапқандар саны 469-ға жетті, тағы 800 адам әлі хабар-ошарсыз кетті.

Қытай БАҚ-тарының хабарлауынша, көршілес Тибетте кем дегенде үш адам қаза тапты, ал 550-ден астамы су тасқынынан бері хабарласқан жоқ. Жоғалғандардың айтарлықтай бөлігі – туристер.

Іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Зардап шеккен аудандарға барып жүрген Непал премьер-министрі Балендра Шах құтқару операциясына армия қызметкерлерін, қарулы полицияны және ұлттық полицияны қоса алғанда, 13 000-нан астам адам қатысып жатқанын мәлімдеді.
27 тамызда зардап шеккен аудандарға 69 рейс жасалды. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, бұл рейстер 573 адамды құтқаруға көмектесті.

Зардап шеккендер үшін уақытша тұру орталықтары құрылды, жараланғандар тегін медициналық көмек алып жатыр. Шахтың айтуынша, үкіметтің қазіргі басты басымдықтары – адамдарды құтқару, жоғалғандарды табу және жараланғандарға көмек көрсету.

Жойқын тасқын қалай болды?

Апат 26 тамыз күні таңертең Непалдың солтүстігінде болған. Қатты су ағыны арнасынан асып, бірнеше елдімекенді басып қалды.

Тасқын аймақтың инфрақұрылымына да орасан зиян келтірді. Тұрғын үйлер қирап, жолдар мен энергетикалық нысандар бүлінген.

БАҚ мәліметінше, апатқа жер сілкінісі себеп болуы мүмкін деген болжам бар. Жерасты дүмпулерінен кейін көшкін жүріп, Бхоте-Коси өзенінің арнасы бөгелген. Соның салдарынан жиналған су төмен қарай лап қойып, елді мекендерді басқан болуы мүмкін.

Қазір апат аймағында құтқарушылар, әскерилер мен полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Олар су тасқыны мен көшкіннен зардап шеккен аумақтарды тексеріп, із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеуді жалғастырады.

Қырмызы Скендір
Жұма, 28 Тамыз, 2026 09:43