Атырауда мұнай зауытының маңындағы халық өздерін қауіпсіз жерге көшіруді сұрап отыр

Атырау мұнай өңдеу зауытының іргесінде тұратын жұрттың шыдамы таусылып, шу шығарды. Улы иістен есік-терезесін аша алмай отырғаны аздай, соңғы кезде зауыттан тарс-гүрс дыбыс естіліп, жер дірілдейтін болыпты. Зәрезап болған тұрғындар тыныш әрі қауіпсіз жерге көшіруді сұрайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
2017 жылы мұнда қызыл аймаққа кірген жүздеген үй іріктеп көшіріліпті. Бірақ тек отызға жуық үйдің тұрғыны қалып қойған. "Кәсіпорынның кесірінен ауру болдық" деген олар, қауіпсіз жерге қоныстандыруды талап етіп отыр
“Мына қасымызда зауыт улап жатыр. Жолдасым 30 жылдан бері астма, мен қант диабетімен ауырамын. Қала әкімі, зауыт басшысы мына қарапайым халықтың жағдайын ойлап, бізді көшіріңіздер. Біздің талап – көшу”, – деді Хадиша Сейтенова.
“2017 жылы осы жерден үйлер сүрілді. Сонда бірталай үйді көшіріп алып кетті. Бізді көшірген жоқ, осы жерде қалып қойдық. Содан бері қаншама арыз беріп жатырмыз, бір адам бізді тыңдамайды”, – деп қосты Мәрия Аманжолова.
Жұрт өндірістің жағымсыз иісінен есік-терезесін аша алмағаны аздай, тарс-гүрс дыбыстан ұйқы жоқ деп отыр. Ал зауыт өкілдері былтырдан бері аумақта зерттеу жүргізілгенін мәлімдеді. Сараптама қорытындысына сәйкес, жергілікті билік өкілдері шешім қабылдамақ.
“Зерттеу бір жыл жүргізілді. Мұны республикалық ғылыми зерттеу орталығы жасады. Қазір ол жұмыс толық аяқталды. Осы ғылыми зерттеу қорытындысы бойынша жоба жасақтап, қазір сараптамаға жіберілді. Сараптама қорытындысы шыққаннан кейін бұл қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жергілікті атқарушы органға жолданады”, – деп мәлімдеді Атырау мұнай және газ өңдеу зауыты қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы Абзал Теміров.
Зауыт маңындағы санитарлық қорғау аймағындағы ауа сапасын зерттеу былтыр сәуірде басталып аяқталған. Болжам бойынша қызыл аймақтың көлемі өзгеруі мүмкін. Егер тұрғындарға өндірістен қауіп бар екені дәлелденсе, оларды көшіруге жергілікті әкімдік жауапты дейді зауыт өкілдері. Тоғыз жыл бұрын да осы маңдағы үйлерді көшіруге қаражат жергілікті бюджеттен бөлінген екен. Ал нақты қорытынды екі ай ішінде шығуы керек. Яғни тұрғындардың оны күтуден басқа амалы жоқ.
"Жүрегіне салынған имплант түсіп кеткен": Алматыда сәтсіз отаның кесірінен 20 жастағы жігіт жансақтау бөліміне түскен