Қазақстанда науқастарға тегін берілетін 4 мыңнан астам дәрі-дәрмек дәріханаларда сатылып кеткен

Қазақстанда төрт мыңнан астам тегін берілетін дәрі-дәрмек жергілікті дәріханаларда сатылған. Препараттарды ел тұрғындары кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында алуы тиіс еді. Ал фармацевтер дәрілерді пациенттердің өзі әкеліп тапсырды дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Жетінші арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Қазір елімізде әрбір дәрінің өндірушіден дистрибьюторға, дәріханадан тұтынушыға қалай жеткенін оңай бақылауға болады. Маркировка жүйесі заңсыз әрекеттердің алдын алуы тиіс болған. Алайда Денсаулық сақтау министрлігінің тексерісі заңбұзушылықтарды анықтады. Пациенттерге тегін берілуі тиіс 4 114 препараттың сатылымға шыққаны белгілі болды. Олардың қатарында антибиотиктер мен созылмалы ауруларға арналған дәрілер бар.
“Дәрілердің қозғалысында аномалиялар анықталды, яғни қосарланған есептен шығару фактілері тіркелді. Тегін медициналық көмек аясында халықты қамтамасыз ету үшін алынған препараттар кейін қайтадан дәріханалар арқылы сатылымға шығарылған”, – деді Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің жоспардан тыс бақылау басқармасының басшысы Еркебұлан Байтубаев.
ОқыңызАл дәріхана өкілдері бұл дәрілерді науқастардың өзі әкелетінін айтады. Фармацевтердің сөзінше, кейбір азаматтар тегін алған препараттарын айырбастағысы келеді немесе сатып жіберуге тырысады.
“Егер бұл тегін дәрілер емханаларда немесе ауруханаларда берілсе, Денсаулық сақтау министрлігінің есеп жүйесінде болуы мүмкін. Екінші жағынан, кей адамдар өздеріне тегін берілген дәріні дәріханаға әкеліп, “бұл маған сәйкес келмейді, басқасына ауыстырайын, үстінен ақша төлеймін” деп сұрайды”, – дейді Тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының жетекшісі Талғат Омаров.
Жоспардан тыс тексерістер нәтижесінде 30-дан астам дәріханаға 12 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл ретте жүйеге тексеріс жүргізу әлі де жалғасып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Депутат Бақытжан Базарбек дәрі-дәрмек саласындағы жемқорлықты әшкерелегені туралы жазған едік.
"Жүрегіне салынған имплант түсіп кеткен": Алматыда сәтсіз отаның кесірінен 20 жастағы жігіт жансақтау бөліміне түскен