Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екібастұзда бес жасар бала ашық құдыққа құлап кетті

Екібастұзда құдыққа құлаған
Фото: видеодан скриншот

20 мамырда Екібастұзда "Өнер" қалалық мәдениет орталығының маңында бес жасар бала қоршалмаған әрі ешқандай белгі қойылмаған ашық құдыққа құлап кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиға видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Зардап шеккен баланың анасы болған жағдайдың мән-жайын айтып берді. Оның сөзінше, 2019 жылы туған ұлы абайсызда тереңдігі екі метрден асатын ашық құдыққа құлаған. Қауіпті нысан мәдениет орталығына өте жақын жерде орналасқан. Алайда ол жерде ешқандай қоршау, ескерту белгісі немесе қорғаныс құрылғылары болмаған. Салдарынан бала дене жарақатын алды. Қазір ол қаладағы медициналық мекемеде ем қабылдап жатыр. 

Оқиға сәті мәдениет орталығы маңындағы бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Жазбада баланың құдыққа құлағаны және кейін өздігінен сыртқа шыққаны анық көрінеді.

Бұл жайтқа қатысты Екібастұз полиция басқармасы пікір білдірді.

"Құрылыс, магистральдық құбырларды пайдалану немесе жөндеу кезіндегі қауіпсіздік талаптарын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу аясында қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады", – деп хабарлады Екібастұз полициясы.

Қазір құқық қорғау органдары аталған аумақтың күтімі мен қауіпсіздігіне жауапты тұлғаларды анықтап жатыр.

Назархан Уән
Жексенбі, 24 Мамыр, 2026 16:54