Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада дамуында тежеуі бар оқушыны қатарластары соққыға жықты

Оқушы буллинг соққы
Фото: instagram.com/aigul_taibekova2207

Астанада сөйлеу және психикалық дамуында тежелуі бар оқушының анасы әлеуметтік желіде ұлын сабақтан кейін қатарластары соққыға жыққанын жазды. Оның айтуынша, оқиға сабақ аяқталған соң, жасөспірім сыныптан шыққан кезде болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әйелдің сөзінше, сабақтан кейін ұлын сегіз бала күтіп тұрған. Кейін олардың бірі жасөспірімге арт жағынан шабуыл жасап, қылғындырып, ұра бастаған. Қалғандары жанында тұрып күліп, болған оқиғаны телефонға түсіріп, басқа балалардың араша түсуіне мүмкіндік бермеген.

"Менің балама 15 рет соққы жасаған. Ең сорақысы, менің балам өзін не себепті ұрып-соғып жатқанын толықтай түсінбеген. Буллинг – тек ұрған адам ғана емес. Бұл – үндемей тұрғандар, айдап салғандар, видеоға түсіргендер және топ болып баланы қорлап жатқанын бақылап тұрғандар", – деп жазды оқушының анасы.

Астана қаласының полиция департаменті аталған жағдайға қатысты пікір білдірді. Елордалық тәртіп сақшылары оқиғаға қатысқан барлық жасөспірімді анықтап, полицияға жеткізген. Олар профилактикалық есепке қойылған.

“Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар мектеп әкімшілігі мен заңды өкілдердің қатысуымен құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі кеңес өткізілді. Кеңес барысында мұндай жағдайлардың алдын алу шаралары, кәмелетке толмағандардың мінез-құлқын бақылауды күшейту, ата-аналардың бала тәрбиесіне және өз міндеттерін тиісінше орындауына жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ оқушылар мен олардың заңды өкілдері арасында профилактикалық жұмысты жандандыру мәселелері қаралды", — деп мәлімдеді полициядағылар.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 25 Мамыр, 2026 08:25