Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Соңына дейін апарамын": Депутат Бақытжан Базарбек дәрі-дәрмек саласындағы жемқорлықты әшкереледі

Депутат Бақытжан Базарбек Мәжіліс кулуарында дәрі-дәрмек саласындағы жемқорлықтың негізгі көздерін атады. Оның айтуынша, бұл іске Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы және “СК-Фармацияның” қатысы бар. Ол аталған ұйымдар мен Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы шенеуніктерін қатаң сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Депутат Жоғары аудиторлық палатаның деректеріне сүйеніп, дәрілік заттарды сараптау мерзімі заңда белгіленген 210 күннен асып кететінін айтты. 

“Кейбір жағдайларда бұл процесс жылдарға созылады. Отандық өндірушілерге әдейі “қосымша ескертулер” беріліп, олардың препараты кешіктіріледі. Мұның артында шетелдік фармацевтикалық алпауыттардың және кейбір жергілікті компаниялардың мүддесін лоббилеу тұр. Бұл сөздерім Денсаулық сақтау министрлігі мен Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығындағы адамдарға ұнамауы мүмкін. Бірақ мен шындықты айтып отырмын. Сараптау орталығында тәртіп орнатпай, бүкіл фармацевтика жүйесінде тәртіп болмайды. Жемқорлықтың өзі Сараптау орталығы мен “СК-Фармацияда” жатыр”, – деді Базарбек.

Депутаттың айтуынша, жемқорлық денсаулық сақтау жүйесінің тамырына сіңіп кеткен. Ол 2025 жылы 1 шілдеде Бас прокуратураға арыз жолдағанымен, осы уақытқа дейін нақты қылмыстық іс қозғалған жоқ. Қазір Бақытжан Базарбек депутат Мұрат Әбеновпен бірге сараптама орталығының қызметін тексеруді талап етіп, Бас прокуратураға жаңа өтініш дайындап жатыр екен.

 


Депутат Бақытжан Базарбек МӘМС-тегі былықтар үшін министр Әлназарованы жауапқа тартуды талап етті


"7,8 триллион қайда кетті?": Тоқаев МӘМС-тегі жымқыру жайлы айтты


 

Бізге тергеудің нақты нәтижелері керек. Мұның артында қылмыстық іс пен сотталған шенеуніктер бар. Әзірге мұның бірін де көріп отырған жоқпыз. Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы шенеуніктері мен Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығын басқарғандар жауапқа тартылмайынша, бұл күресті тоқтатпаймыз”, – деді ол.

Депутаттың пікірінше, дәрілерді сараптауды цифрландыру және мерзімдерді қысқартуға бағытталған жаңа заң жобасы жемқорлыққа соққы болуы мүмкін. Бірақ ол нақты жұмыс істеп, фармацевтикалық қылмысқа әсер еткен жағдайда ғана нәтиже береді.

“Біз мұны “бигфарма” деп атаймыз. Бұл шетелдік те, отандық та ірі өндірушілер. Олар дәрілік заттарды сараптау орталығы  және “СК-Фармация” деңгейінде мәсәлені ақшамен шешіп үйренген. Соның нәтижесінде олардың препараттары отандық нарыққа кедергісіз еніп жатыр”, – деді депутат.

Базарбек фармацевтика саласы мен МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) жүйесіндегі жемқорлықпен күресті жалғастыратынын айтты.

Бұған дейін ол Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы миллиардтаған қаржы алатын компаниялармен соттасқанын айтты. Ол кезде депутаттар лицензиясыз қызмет көрсету, бақылаудың жоқтығы және бюджет қаражатының көп шығындалуы мәселелерін көтерген. Екі ірі компания Базарбекке ар-намыс пен іскерлік беделді қорғау туралы талап-арыз түсірген. Сот жарты жылға жуық созылып, нәтижесінде депутаттың сөзінің негізі бар екенін растаған.

“Қазір керісінше, сол компаниялар бойынша Бас прокуратураға материалдар дайындап жатырмын. Олардың арасында маған қарсы арыз берген компаниялар да бар”, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев МӘМС-те қылмыстарды жапқан тұлғаларға қарамастан, барлық ұрлық-қарлықтың бүкіл астарын әшкерелеуді талап еткен еді. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 25 Ақпан, 2026 16:50