"Енді ол ешқандай іс-шараға шақырылмайды": Баян Алагөзова әнші Балжан Бидаштың КешYou тобының мерейтойлық концертіне қатыспайтынын мәлімдеді

Танымал продюсер Баян Мақсатқызы әнші Балжан Бидаштың КешYou тобының мерейтойлық концертіне қатыспайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, әнші деректі фильмде өзі туралы айтылған кей сөздерге ренжіп қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Күні кеше КешYou тобы жайлы деректі фильмнің үшінші бөлімі жарық көрді. Онда продюсер ең алдымен әншіге көп жыл бойы топ құрамында болғаны үшін алғыс айтып, оның адал еңбек еткенін, еңбекқор әрі талантты болғанын атап өтті.
“Ол көп жыл топ құрамында болды. Бірақ команда деген не, алғыс деген не, КешYou деген не, бұл топтың тарихы қандай, КешYou оның өміріне не берді, менің және Бағымның ол үшін не істегенін түсінетін деңгейге әлі менталды тұрғыдан жетпеген”, – деді продюсер.
Баян Алагөзова намыс пен тәкаппарлықтың ара-жігін де қозғады. Оның айтуынша, Балжан Бидаш оған хабарласып, өзіне қатысты айтылған пікірге ренжігенін жеткізген.
“Ол маған хабарласып “Неге олай айттыңыз? Мен ренжідім” деді. Мен оған “Кешір, бірақ мен шынымен солай ойлаймын. Бұл – менің шындығым, сенікі емес. Егер сен өзіңді сұлу санасаң, оған ешкім қарсы емес. Өзің үшін сен сұлусың. Бірақ мен үшін сен сұлу болған жоқсың. Сен KeshYOU-дың қалыптасқан өлшемдеріне сай келмедің” дер едім”, – деді ол.
Продюсердің сөзінше, ол топқа қандай қыздың лайық екенін өзі шешеді.
“Мен – продюсермін. Өз тобымда қандай қыздың болғанын қалайтынымды өзім таңдаймын. Бұл – менің тәуекелім, сенің тәуекелің емес. Мен саған болашаққа жол аштым. Қазір олар сол жолмен жүріп келеді. Егер ол KeshYOU құрамында болмағанда, тағдыры қалай қалыптасар еді – сәтті болар ма еді, жоқ па – білмеймін”, – деді Алагөзова.
Баян Алагөзова әншінің концертке қатысуға әуелі келісіп, кейін бас тартқанын да сынға алды. Оның айтуынша, мұндай шешім шығармашылық ұжымды ыңғайсыз жағдайда қалдырған.
“Оған концертке қатысуға әуелі келісіп, кейін бізді орта жолда қалдырғаны үшін де “көп рақмет” айтқым келеді. Біржақты шешім қабылдап, “мен ренжідім, мені сұлу емес деді” деп бас тарту – бізді ыңғайсыз жағдайда қалдыру. Мұны басқаша атай алмаймын”, – деді продюсер.
Ол өзіне де сырт келбетіне қатысты сын жиі айтылатынын жеткізді.
“Мені де сұлу емес деп жатады. Бетіме зақым келгеннен кейін Қазақстанның жартысы солай айтты. Сонда не болды? Мен өзімді сұлу санаймын, бұл м менің жеке пікірім”, – деді ол.
Пролюсер Балжан Бидаштың классикалық сұлулық өлшеміне, оның KeshYOU тобының қалыптасқан бейнесіне сәйкес келмейтінін тағы да қайталады.
“Иә, ол да классикалық сұлулық өлшеміне сай келетін адам емес. Бұл да – шындық. Мен тағы да қайталап айтамын: ол KeshYOU-дың қалыптасқан бейнесіне сәйкес келмейді. Ақбота-Нұрға, Жұлдызға, Ләззатқа, Дианаға, Сақдианаға қараңыздар – олардың бәрі KeshYOU образына сай келеді”, – деді продюсер.
Ол әншінің ренішін түсінбейтінін айтып, адамнан кемшілік емес, жақсы қасиет іздеу керек екенін жеткізді. Ол Балжанның жақсы жақтары көп екенін де жасырмады.
“Неге ренжисің, Бидаш? Мен түсінбеймін. Адамнан кемшілік емес, жақсы жақ іздеу керек. Мен үшін адамнан минус емес, плюс іздеген оңай. Мен үшін Бидаштың кемшілігінен гөрі жақсы жағы көп", – деді Алагөзова.
Сөз соңында продюсер Бидашпен арадағы қарым-қатынасы аяқталғанын айтты. Оның сөзінше, жақында кездескен кезде әнші оған амандасқанымен, арадағы салқындық сақталған.
“Жақында оны кездестіргенімде, ол әрең келіп “Сәлеметсіз бе” деді. Мен “Сәлем, сау бол” деп жауап бердім. Осымен біздің қарым-қатынасымыз аяқталды. Өйткені мұны басқаша атай алмаймын: бұл – орта жолда қалдыру. Енді ол ешқандай іс-шараға шақырылмайды”, – деді Баян Алагөзова.
"Жалаңаштанып айға қарап, рәсім жасайды": Батыс Қазақстандағы бір ауылдың тағдырын жат ағым қалай өзгертті?