Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Суреттегідей сұлу болмай шықты": Желіде Балжан Бидаштың сырт келбеті жайлы айтқан Баян Алагөзова сынға ұшырады

Баян Алагөзова мен Балжан БидашФото: instagram.com/bidash_official / Видеодан скриншот

Желіде танымал продюсер Баян Алагөзова сынның астында қалды. Көпшілік продюсердің әнші Балжан Бидаштың сырт келбеті жайлы айтқан сөзін жақтырмай қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Биыл КешYou тобының құрылғанына 20 жыл толды. Осыған орай BM Production Youtube арнасында 2 бөлімді деректі фильм шығарды. Онда топтың құрылу тарихы, алғашқы қадамдар, ұжым ішіндегі интрига, бәсеке, қызғаныш, драма, эксклюзивті фактілер айтылған. 

Сұхбат барысында Баян Алагөзова әнші Балжанның топқа қалай келгенін айтып берді. Продюсердің айтуынша, Балжан Бидашты алғаш суретте көргенде сұлулығына тәмсанған, алайда өмірде көргенде оның сырт келбеті мүлде басқа болып шыққан.

“Үшінші қызды таппай жүрдік. Кейін Алтынбекпен кездескенде “Мен үшінші қызды таптым” деп Балжанның суретін көрсетті. Суретте енді керемет болды, бойы 175 сантиметр, дене бітімі әдемі, қолы, аяғы, мойыны бәрі ұзын, бәрі мен ұнататындай. “Шақыр, қалай ән айтатынын көрейік” дедім. Ол әнді өте керемет айтады. Сөйтіп, Балжанды өмірде көрдім. Сөйтсем, бәрі суреттегідей емес екен. Ол мұндай сұлу емес болып шықты. Ол сұлу болып кеткені кейін ғой, бәрі сияқты. Себебі КешYou сұлулық институты”, – деді әнші.

Бұған қоса, режиссер Ернар Нұрғалиев те осыған ұқсас пікір айтты.

“Балжанның дауысы ерекше, маған ұнады. Ал түрі… Кешірім сұраймын, әлсіздеу. Ешкімді ренжітпейтіндей етіп қалай түсіндірсем екен. Жұлдыз қайда, Балжан қайда. Қазір, әрине, пластикалық оталар аман болсын. Ол кезде көзінің асты ісіп тұратын. Ол осы үшін ұялатын еді. Ол әдемі шығу үшін түрлі ракурстан түсіруді сұрайтын еді”, – деді ол.

Олардың бұл сөздері желі қолданушыларының наразылығын туғызды. Қазақстандықтар адамның сырт келбетін мұндай сипатта сөз ету де, талқыға салу да орынсыз деп санады. 

“Баян Балжан туралы жөнсіз сөйледі. Бетке айтады деген сайын артық кетіп барады”, “Бұл енді сұмдық. Оның қол астындағыларға обал”, “Баянның Балжан туралы айтқандары маған ұнады. Мұндайды тыңдау тіпті маған жағымсыз әсер қалдырды. Оның бұлай айтуға қандай құқығы бар?” – деді олар.

Сонымен қатар желіде Балжан Бидашқа қатысты сын айтқандар да табылды. Қолданушылар сұхбаттан кейін оны "жұлдыз ауруына шалдыққан" деп жазып жатыр. Бұған әншімен бір топта біраз уақыт өнер көрсеткен Жұлдыз бен Ақбота-Нұр Абайқызының пікірлері себеп болды.

Балжанның өзі де мінезінің қатты болғанын, тіпті Ақбота оның сөздеріне жылап қалған кездерін еске алды. 

“Жұлдыз көп ұрыс еститін. Ол өзінің ән айтатын шамасын түсініп тұратын еді. Қазір дауысы ашылып, жақсы болып кеткен сияқты”, – дейді Балжан.

Ал Жұлдыз оның көңіліне қаяу түсірген сәтті айтып берді.

“Балжан, көмектесші. Қай жерінде?” деп сұрасам, “Естімей тұрсың ба? Міне тұр ғой, былай айту керек қой” деп жауап берген. Бұл менің көңіліме тиіп кетті. Не Айдана, не Кәмшаттан мұндай сынды естімеппін”, – деді Жұлдыз. 

Осыдан кейін қазақстандықтар түрлі пікірлер қалдыра бастады.

“Бұл әлі жұлдыз ауруымен ауыратын сияқты. Жұлдыз анандай болды, Ақбота мынандай болды деп”, “Балжан өзін біртүрлі ұстайды екен. Өзіншелік, менсінбеушілік көбірек сезіледі екен”, “Балжан маған да ұнамады”, “Балжан сұхбат бойы мен, мен деумен болды”, – деп жазған олар.

Алайда бұған әнші Балжан Бидаштың өзі де жауап берді. Оның айтуынша, сұхбаттың біршама бөлігі қырқылып, оны осындай адам ретінде көрсеткен.

“Достар, өкінішке қарай, мені осындай адам ретінде көрсетіпті. Сіздер шындықты, экранның арғы жағын көрмей тұрсыздар, мен қанша қыз жайлы жақсы сөз айттым. Қиып алып тастаған”, – деп жазды ол.

Балжан Бидаш жауабы

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 21 Сәуір, 2026 20:11