Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның SOCCA шағын футбол құрамасы Еуропа чемпионатының финалына шықты

AFC Allur клубы негізінде жасақталған SOCCA шағын футболынан Қазақстан ұлттық құрамасы Албанияның Тирана қаласында өтіп жатқан Еуропа чемпионатының шешуші кезеңіне жолдама алды.

Бұл тарихи жетістік Қазақстандағы шағын футболдың дамып келе жатқанын және спортты жүйелі қолдау жұмыстарының нәтижесін көрсетті.

Финалда Қазақстан құрамасы Испаниямен кездеседі. Матч Қазақстан уақытымен сағат 23:00-де басталады. Кездесудің тікелей трансляциясын Qazsport телеарнасынан және SOCCA Federation-ның ресми YouTube арнасынан көруге болады.

Финалға дейін Қазақстан құрамасы сенімді ойын көрсетті. Топтық кезеңде команда Португалияны 1:0 есебімен жеңіп, Латвиямен 0:0 және Украинамен 2:2 есебімен тең түсті.

Плей-офф кезеңінде қазақстандық футболшылар Еуропаның мықты құрамаларын жеңді. 1/8 финалда Германияны 4:0 есебімен ұтса, ширек финалда әлем және Еуропа чемпионы Польша құрамасын 1:0 есебімен жеңді. Жартылай финалда Венгриядан 2:0 есебімен басым түсті.

Еуропа чемпионатының финалына шығу бұқаралық және ұжымдық спортты дамытуға бағытталған ұзақмерзімді жұмыстың әрі қазақстандық бизнестің спорт бастамаларына көрсеткен қолдауының нәтижесі ретінде бағаланып отыр.

Allur компаниясы бірнеше жылдан бері спорттың дамуына және салауатты өмір салтын насихаттауға инвестиция жасап, футбол жобаларын, жастардың бастамасын қолдап, аймақтағы қызметкерлар мен тұрғындардың арасында спорттың тарауына жағдай жасап келеді. AFC Allur негізінде ұлттық құраманы құру отандық бизнес пен спорттың тиімді әріптестігінің үлгісі болды. Бұл – Қазақстанның халықаралық имиджін нығайтуға жасалған қадам. 

Бүгінде Қазақстан құрамасы халықаралық аренада ел намысын қорғап қана қоймай, мыңдаған жас спортшыға мотивация беріп, елдің SOCCA қозғалысындағы позициясын күшейтіп келеді.

Назархан Уән
Жексенбі, 24 Мамыр, 2026 20:23