Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда биіктен құлаған қос кішкентай қыздың тұсауы кесілді: Ұзақ оңалтудан кейін олар алғаш қадам жасады

кішкентай балалардың тұсауы кесілді

Алматы қалалық балалар оңалту орталығында биіктіктен құлағаннан кейін оңалту курсынан өткен Тамирис пен Руфинаның тұсауы кесілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

"Бүгінгі күн осындай сауығу оқиғаларының көбейе түсуінің қаншалықты маңызды екенін еске салсын. Балаларымыз аяғынан тұрып, толыққанды өмірге қайта оралсын. Ал медицина қызметкерлері олардың өмірін сақтап қалу үшін әрдайым бар күшін салсын", – деп атап өтті Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов салтанатты шара барысында.

Тамиристің оқиғасы нағыз ғажайып пен медицинаның мүмкіндіктерін айқын көрсететін мысал дейді мамандар. Екі жыл бұрын бес жастағы қыз төртінші қабаттан құлап, ауыр бас-ми жарақатын алған. Оның жағдайы өте ауыр болды. Екі рет жүрегі тоқтап, клиникалық өлім жағдайында болған.

Баланың өмірі үшін №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының нейрохирург дәрігерлері күресті. Бірнеше аса күрделі операциялар жасалды.

Өмірі сақталғаннан кейін ұзақ оңалту кезеңі басталды. Қыз бала қайтадан қозғалу қабілетін үйренді. Алдымен қолдары қимылдай бастады, кейін аяқтары қозғала бастады, содан соң өздігінен отыра алатын жағдайға жетті. Екі жылдың ішінде ол жеті кезеңнен тұратын оңалтудан өтті. Бүгінде Тамирис алғашқы өздігінен қадамдарын жасады.

Руфинаның оқиғасы да кем әсерлі емес. 2022 жылы туған, "балалар церебралды сал ауруы" диагнозы қойылған қыз ұзақ әрі күрделі ем жолынан өтті. Орталыққа ауыр жағдайда түсті. Өздігінен тұрып, жүре алмайтын, тек арбамен қозғалған.

Маңызды кезеңдердің бірі – 2025 жылғы қарашада Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында жасалған операция болды. Ахилл сіңірлеріне Z-тәрізді ұзарту операциясы жүргізілді. Осыдан кейін Руфина оңалту курсынан өтіп, бүгінде алғашқы өздігінен қадамдарын жасап жүр.

Тұсаукесер рәсімі екі қыз үшін де жаңа өмірдің символына айналды. Бұл – олардың табандылығының, жігерінің және дәрігерлер мен отбасының бірлескен жеңісінің белгісі.

Назархан Уән
Жексенбі, 19 Сәуір, 2026 14:43