Иран Ормуз бұғазын қайта жапты: Қарулы күштер бірнеше кемеге оқ атқан

Иранның қарулы күштері сенбі күні Ормуз бұғазы үстінен "қатаң бақылауды" қайта енгізгенін жариялады. Осылайша, Вашингтонмен келіссөздер аясында қабылданған стратегиялық маңызды теңіз жолын ашу туралы шешімнің күші жойылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекеттік телеарна арқылы таратылған мәлімдемеде әскерилер Вашингтон өз уәдесін бұзып, Иран порттарына кіретін және шығатын кемелерге теңіз блокадасын жалғастырып отырғанын айтты.
АҚШ Иранға қатынайтын барлық кемелер үшін кеме қатынасының еркіндігін қалпына келтірмейінше, "Ормуз бұғазындағы жағдай қатаң бақылауда қалады", делінген мәлімдемеде.
Сенбі күні кешке Ислам революциясы сақшылары корпусы-ның әскери-теңіз күштері "Парсы шығанағы немесе Оман шығанағындағы ешбір кеме якорь тұрағынан шықпауы тиіс" деп ескертті.
"Ормуз бұғазына жақындау қарсыласпен ынтымақтастық ретінде бағаланады, ал талапты бұзған кеме нысанаға айналады", – делінген КСИР мәлімдемесінде.
КСИР сондай-ақ Дональд Трамп-тың Ормуз бұғазы туралы мәлімдемелерінің "еш күші жоқ" екенін айтты.
Бұған дейін сенбі күні Трамп журналистерге Иран билігі бұғазды қайта жабуға ұмтылып отырғанын растағанымен, "АҚШ өзін бопсалауға жол бермейді" деді. Оның айтуынша, АҚШ бұл мәселеде қатаң ұстанымда. Сонымен қатар ол Иранмен "өте жақсы келіссөздер" жүріп жатқанын айтып, бірақ Тегеран "соңғы 47 жылдағыдай сәл айлакер әрекет етіп отырғанын" атап өтті.
"Күн соңына қарай Иран бойынша белгілі бір ақпарат жарияланады", – деп уәде берді Трамп, алайда қақтығысқа қатысты нақты сұрақтарға жауап бермеді.
Тегеран мен Вашингтон арасындағы бітім мерзімі 22 сәуір, сәрсенбі күні аяқталады.
"Мүмкін, мен оны ұзартпаймын, бірақ блокада сақталады", – деді Трамп бұған дейін Air Force One ұшағында журналистерге.
АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) мәліметінше, 13 сәуірде басталған блокада кезінде 21 кеме кері бұрылып, Иранға қайтуға мәжбүр болған.
Ұлыбританияның теңіз сауда операцияларын бақылайтын басқармасы (UKMTO) хабарлауынша, Ормуз бұғазында болған танкер бұғаз жабылғаннан кейін көп ұзамай КСИР-дің екі катері тарапынан атқыланғанын мәлімдеген. Оқиға шамамен Оманның солтүстік-шығысына қарай 20 теңіз милі (шамамен 37 км) қашықтықта болған. UKMTO дерегіне сәйкес, кеме мен экипаж аман.
"Танкер капитанының айтуынша, оған КСИР-дің екі катері жақындап, радиобайланысқа шықпай, кейін оқ атқан. Қазіргі мәлімет бойынша, кеме мен экипажға қауіп төніп тұрған жоқ. Билік органдары тергеу жүргізіп жатыр", – делінген Гринвич уақыты бойынша 09:20-де жарияланған хабарламада.
Кейінірек UKMTO Оманның солтүстік-шығысына қарай 25 теңіз милі қашықтықта болған контейнер тасымалдаушы кемеге "белгісіз снаряд" тигенін, сондай-ақ Оман жағалауындағы круиздік лайнер маңына теңізге белгісіз нысан құлағанын хабарлады.
Осыдан кейін Үндістанның Сыртқы істер министрлігі сенбі күні атқыланған кемелердің екеуі Үндістан туымен жүргенін мәлімдеді. Ведомство Иранды үнді кемелерінің бұғаз арқылы өтуіне қайта рұқсат беруге шақырды.
"Жүрегіне салынған имплант түсіп кеткен": Алматыда сәтсіз отаның кесірінен 20 жастағы жігіт жансақтау бөліміне түскен