Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әсері қатты антибиотик екті": Қостанайлық ана қызының сөйлей алмай қалғанына дәрігерлерді кінәлап, әділдік іздеп жүр

дәрігерФото: Видеодан скрин

Қостанай облысының тұрғыны дәрігерлердің салғырттығынан қызым мүгедек болып қалды деп, әділдік іздеп жүр. Оның айтуынша, медицина қызметкерлері 11 жастағы қыздың жағдайын толық тексермей, әсері қатты антибиотик еккен. Осыдан кейін бұрын сап-сау жүрген бала сөйлей алмай қалған. Ал жауапты мамандар жазаланбай, қылмыстық істің тоқтатылуы көпбалалы ананың наразылығын күшейтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қыздың анасы Айгүл Ділдабайдың айтуынша, үш жыл бұрын қызының бетіне бөртпе шығып, олар Диевка ауылындағы емханаға барған. Дәрігерлер қажет талдау нәтижелерін күтпестен, ”цефтриаксон” атты күшті антибиотикті екі күн қатарынан салған. Соның салдарынан қыз есінен танып қалған.

“Иньекция салуға бардық. Мен оны дәрінің әсері шығар деп ойладым. Бірақ балаға ешқандай сынама жасалмады. Құлаған сәттен бастап ауыр хәлде жансақтау бөліміне түсті. 3 шілдеге дейін комада жатты. Тіпті молда шақырдым. Дәрігерлер "дайын болыңыздар" деді”, – дейді қыздың анасы Айгүл Ділдабай. 

Үш жыл бұрын комаға түсіп, кейін бірнеше ауруханада ем алған Мерейдің жағайы қазір ауыр. Бұрын үздік оқыған оқушы қазір сөйлей алмайды. Анасының айтуынша, ол өздігінен жүре алмайды. Тіпті тепе-теңдігін сақтай алмайды, аяқтарын әрең басып, кіші дәретін де ұстай алмай қалған екен.

“Бала тепе-теңдігін ұстай алмайды, жетектемесең жүре алмайды. Мүлде сөйлемейді, бәрін ыммен түсіндіреді. Су, тамақ сұраса да ишарамен көрсетеді. Қылмыстық істі прокуратура жауып тастады. Дәрігер де, медбике де әлі сол жерде жұмыс істеп жүр. Мен ауылдан көшіп кеттім. Бірақ олардың жұмысын жалғастырып жатқанын білемін”, – дейді Айгүл Ділдабай. 

Ал аудандық аурухананың басшысы бұл жағдай бойынша тексеріс жүргізілгенін айтты. Оның сөзінше, медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті толық тексеру жүргізіп, дәрігерлер тарапынан қателік болмаған деген қорытындыға келген.

“Комитет тарапынан толық тексеріс өтті. Барлық құжаттар мен түсініктемелер қаралды. Нәтижесінде баланың мүгедек болып қалуына дәрігерлік көмектің дұрыс көрсетілмеуі себеп емес деген қорытынды жасалды. Бұл жағдай антибиотиктен емес, аурудың асқынуынан болған”, – деді  Әулиекөл аудандық ауруханасының бас дәрігері Темірхан Бегісбаев. 

Қозғалған қылмыстық іс тоқтатылған. Алайда көпбалалы ана бұл шешіммен келіспей, Бас прокуратураға шағым түсірген. Ол бұрын белсенді, дені сау болып өскен қызының қазіргі жағдайына ауыл дәрігерлері жауап беруі тиіс деп есептейді.

Айта кетейік, бұған дейін Қарағандыда бүлдіршін ауруханада көз жұмып, бұл жағдай қоғамда дау тудырғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 18 Сәуір, 2026 16:53