Қазақстанда Abu Dhabi Commercial Bank-тің "еншілес банкі" қашан іске қосылады

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова Қазақстанда жаңа банк ашу процесі екі кезеңнен тұратынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, Abu Dhabi Commercial Bank Қазақстанда әмбебап банк ретінде қызмет ашуға рұқсат алған. Алайда толыққанды жұмыс бастау үшін әлі лицензия алу қажет.
“Алдымен реттеушіден рұқсат алынады, содан кейін қажетті құжаттар, ғимарат және IT-инфрақұрылым дайындалады”, – деді Әбілқасымова.
Осыдан кейін реттеуші барлық талаптардың орындалуын тексеріп, банк лицензия алуға өтініш береді.
“Лицензия алынғаннан кейін ғана банк толыққанды жұмысын бастайды. Қазір біз бірінші кезеңдеміз, рұқсат берілді. Орта есеппен бұл процесс алты айға дейін созылады”, – деп қосты ол.
Қазақстанда алдағы уақытта Біріккен Араб Әмірлігінің банкі ашылмақ
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жаңа банк пайда болатыны хабарланған еді. Наурыз айында агенттік Abu Dhabi Commercial Bank PJSC-ке Қазақстанда еншілес банк ашуға рұқсат берген. ADCB – БАӘ-нің ірі банктерінің бірі, оның негізгі акционері – Абу-Даби үкіметіне тиесілі Mubadala инвестициялық компаниясы.
Жаңа банк Қазақстанда қаржылық қызметтердің толық спектрін ұсынып, исламдық қаржыландыруды дамытуды жоспарлап отыр. Агенттік бұл банктің нарыққа келуі бәсекені күшейтіп, бизнес пен халық үшін қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттырады деп есептейді.