Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өлтіруге болатынын балаларға көрсетуге болмайды": Аружан Саин бұралқы иттерді жоюға қарсы шықты

Аружан Саин, Юлия Коваленко

Фото: Stan.kz

Бала құқықтары жөніндегі бұрынғы уәкіл Аружан Саин жануарларды ұсталғаннан кейін 5 тәуліктен соң эвтаназиялау туралы ұсынысқа қарсы шықты. Зообелсенділер жаңа заң шығарғанша, баяғы заңның орындалуын қадағалау қажет деп санайды. Stan.kz тілшісі баспасөз конференциясына қатысты.

 

“Балаларды қатыгездікке үйретпеу керек”

Қоғам белсендісі Аружан Саин балалар омбудсмені болған кезде 4 жылда бұралқы иттердің шабуылына қатысты ата-аналардан ешқандай шағым алмағанын айтады. Керісінше, балаларды жануарларға көрсетілетін қатыгездіктен қорғау керек дейді.

"Көптеген зерттеулер жануарларға жасалатын қатыгездік пен басқа зорлық-зомбылық түрлері арасындағы корреляцияны көрсетеді. Яғни жануарларға зорлық-зомбылық көбейген кезде тұрмыстық зорлық, балаларға қатысты қатыгездік көбейеді. Криминологияда бұл ерте индикатор немесе қауіп факторы болып саналады. Көптеген қауіпті қылмыскерлер бала кезінде жануарларға қатыгездік жасаған", – деді Аружан Саин.

Сөзінше, жануарларға қатыгездік жасайтын адамдардың кейін басқаларға зорлық-зомбылық жасау ықтималдығы бес есе жоғары. Ал балаларға қатыгездік жасалатын үйлерде 88%-ында жануарларға қатыгездік жасалады екен.

Аружан Саин заңда “эвтаназия” деген терминді қолдану мүлдем орынсыз екенін атап өтті. Себебі “эвтаназия” – ерікті түрде жанын қиюға келісу. Ал бұл жерде “иттерді өлтіру”.

Экс-омбудсмен үй жануарларына жауапкершілк алуды көбірек насихаттау қажет екеніне назар аударды.

"Біз балаларға адамгершілік пен мейірімділікті сіңіруіміз керек. Оларға өлтіруді шешім етіп көрсете алмаймыз. Егер өлтіруге болады деген ойға еті үйреніп, мұны қалыпты нәрсе ретінде көрсе, одан да қауіпті салдары болуы мүмкін. Осылайша қоғамның қатыгез болғанына, айналамызды бағаламайтын қоғамға айналғанымызға өзіміз кінәлі боламыз”, – деді Аружан Саин.

 

“Жаңа заң емес, заңның орындалғаны керек”

Жануарлар құқығын қорғаушылардың айтуынша, "Тұтқындау, зарарсыздандыру, вакцинациялау, босату" қағидатын көздейтін 2021 жылғы заң көптеген аймақтарда іс жүзінде орындалмады, иттерді өлтіріп келді. 

Белсенділер қолданыстағы заңды орындауды және, принцип бойынша, түзетулердің қабылдануының орнына оның жалғасуын бақылауды талап етеді.

KARE жануарларды қорғау қорының басшысы Юлия Коваленко 2022 жылы елде 58 ит зарарсыздандырылып, 80 000 ит жойылғанын атап өтті.

"2023 жылы "Тұтқындау, зарарсыздандыру, вакцинациялау, босату" бағдарламасы 30,7% қамтылды, ал 2025 жылы 12,6% болды. Қажет қамту деңгейі 70% еді. Бұл бүкіл Қазақстан бойынша енгізілмегенін білдіреді. Іс жүзінде бұл жүйе жақсы жолға қойылмаған, жануарлардың кешенді санағы жоқ, міндетті тіркеу қамтамасыз етілмеген және иелері бақыланбайды. Жаңа жануарлардың пайда болуы қарастырылмайды", – деді Коваленко.

Коваленконың сөзінше, қазіргі жағдай заңнамалық түзетулерді емес, оның орындалуын бақылауды талап етеді. Заңның орындалуына аудит жүргізу қажет.

Еске салсақ, Қазақстанда бұралқы иттер ұсталған соң бес күннен кейін эвтаназия жасалатыны туралы хабарлаған едік. Жануарларды баспанада ұстау мерзімі шектеледі: қаңғыбас жануарлар – 5 күнге дейін, ал үй жануарлары – 60 күнге дейін. Осы уақыт ішінде иесі табылмаса, эвтаназия жасауға рұқсат берілуі мүмкін.

“Заң жобасы аясында эмоциялық манипуляция жасалып жатыр. Ұсынылып отырған түзетулер барлық жануарды автоматты түрде құртуды білдіреді деген пікір дұрыс емес”, – деді депутат.

Құжатта жануарларды ұстаудың міндетті мерзімдері енгізіледі.

“Қаңғыбас жануарларды уақытша ұстаудың ең төменгі мерзімі кемінде 5 күн. Ал мәслихаттарға бұл мерзімді ұлғайту құқығы беріледі”, – деді ол.

Депутаттың сөзінше, иесі болуы мүмкін жануарларды ұстауға ұзағырақ мерзім қарастырылған.

“Мұндай жануарлар үшін ұстау мерзімі 60 күнге дейін белгіленеді”, – деді депутат.

Жаңбыршин заң жобасы автоматты түрде құртуды қарастырмайтынын айтты. Оның айтуынша, ұстау мерзімі ұзартылған жағдайда жануарлар:

  • жаңа иелеріне берілуі;
  • панажайларда қалдырылуы;
  • ұзақ уақыт бойы күтімде болуы мүмкін.

Депутаттың пікірінше, жануарлар мүмкіндік болса табиғи өліміне дейін ұсталады.

Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 14 Сәуір, 2026 16:09