Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Ауылдағы мұғалім сияқты көрінді”: Әнші Әнел Әрінова Кәмшат Жолдыбаеваның KeshYou тобына келген кезі туралы айтты

Әнел мен КамшатФото: instagram.com/kamshat__zholdybayeva / Видеодан скриншот

KeshYou тобында бұрынғы мүшесі Әнел Әрінова әнші Кәмшат Жолдыбаевамен танысқан кезі туралы әңгімеледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Биыл KeshYou тобының құрылғанына 20 жыл толды. Осыған орай BM Production Youtube арнасында 2 бөлімді деректі фильм шығарды. Онда топтың құрылу тарихы, алғашқы қадамдар, ұжым ішіндегі интрига, бәсеке, қызғаныш, драма, эксклюзивті фактілер айтылған. 

Сұхбат барысында KeshYou тобында 2006-2012 жылдары өнер көрсеткен Әнел Әрінова әнші Кәмшат Жолдыбаевамен алғаш танысқан кезін еске алды. Оның айтуынша, Кәмшат оған “ауылдағы мұғалім әйел” сияқты көрінген.

“Кәмшат маған ауылдағы мұғалім әйел сияқты көрінді. Тіпті Моляның өзі одан заманауи көрінетін”, – деді ол.

Әнел Әрінова алғашында Кәмшатты ұната қоймағанын жасырмады. 
”Біз алдымен адамды киіміне қарап бағалаймыз, кейін ішкі жан дүниесіне мән береміз ғой. Қысқасы, біз бір-бірімізге ұнамадық. Меніңше, энергетикалық тұрғыдан жараспадық. Әрине, мен оған “сен маған ұнамайсың” деп айтқан жоқпын, ол да маған олай деген жоқ”, – дейді ол.

Бір қызығы – Кәмшат Жолдыбаева үшін топқа қосылған алғашқы жыл оңай соқпаған. Ол тіпті топтан кетіп қалған.

"Сол бір жыл мен үшін қатты қиын болды, стресс алдым десем де болады. Жылап-сықтап жүрдім. Жыл соңында кеткім келгені де сондықтан болды деп ойлаймын”, – деді Кәмшат. 

Алайда мұны әріптесі Әнел Әрінова басқаша түсінген.

“Кәмшат тура концертке шығардың алдында тастап кетіп қалды. Ол мінезін көрсетті. Содан кейін оны алып тастаған”, – деді Әнел Әрінова. 

Ал топтың тағы бір бұрынғы мүшесі Мөлдір Әуелбекова бұл жағдайға қатысты өз нұсқасын ұсынды. Оның сөзінше, Кәмшаттың басты мақсаты – шетелде мансап құру болған.

"Голливудқа кетемін, сол жақты бағындырамын деп кеткенін естідім. Содан ақыры солай кетті. Біз Әнел екеуміз де кейін кетіп қалдық", – деді ол.

Кәмшат Жолдыбаеваның сөзінше, ол Үндістанға оқу туралы арманын орындау үшін топтан кету туралы шешім қабылдаған. Бірақ ол райынан бір күн өтпестен қайтқан көрінеді.

“Баян Мақсатқызы, менің Үндістанға барып оқуға түскім келеді, осындай арманым бар екен” деп алдына бардым. Ол кісі “Егер сенің мұндай армандарың болса, мен сені ұстамаймын” деп жауап берді. Сол күні күндіз топтан кеттім, сол түні Баян ханымға жылап қайтадан қоңырау шалдым. “Топқа қайта оралуға мүмкіндік бар ма?” деп сұрадым. Ол бірден шешім қабылдап, менің орныма Айдананы алып қойғанын айтты. Осылайша, мені тағы да әдемі шығарып салды”, – деді Кәмшат.

Айта кетейік, бұған дейін әнші Кәмшат Жолдыбаева күйеуімен сәнді образда видео түсіріп, көпті сүйсіндірген еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 15 Сәуір, 2026 20:10