Қазақстандықтар батырлардың есімімен аталған медальдарды 300 мың теңгеге сатып алып жатыр — Депутат

Фото: facebook.com/erbolat.satybaldin
Депутат Ерболат Сатыбалды мәдениет министрі Аида Балаеваның атына жолдаған депутаттық сауалында елде күмәнді медальдар мен атақтарды табыстау тәжірибесі кеңінен таралып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, мұндай марапаттар той-думан кезінде де, іскерлік ортада да беріліп жүр. Әңгіме "ең үздік құда", "құрметті азамат", "батыр" секілді белгілер мен атақтар туралы болып отыр.
"Кәсіпкерлер “Алтын адам” немесе “Ғасыр адамы” сияқты энциклопедиялар шығарып, 300 мың теңгеге кез келген адамды, тіпті тапсырыс берушінің ата-бабаларын да “таңдаулылар” қатарына енгізуге дайын. “Қазақстанның құрметті азаматы”, “Ұлт ұстазы”, “Ғасыр ұстазы”, “Қазақстанның қайраткері”, “Алаш ұлы”, “Ұлы Дала ұлы”, “Арда азамат”, “Тұлға” деген сияқты марапаттар мен ордендердің тізімі таусылар емес", – деді депутат.
Мысал ретінде ол қоғамдық ұйымдардың мемлекеттік марапаттарға ұқсас атаулармен наградалар табыстағанын айтты. Нәтижесінде ұйымдастырушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
"Нақты мысал – 2025 жылғы 25 желтоқсанда Qazaqstan ardagerleri қоғамдық бірлестігі бірқатар азаматтарға Бауыржан Момышұлы атындағы “Намыс”, “Батыр шапағаты” және “Ел жанашыры” белгілерін табыстады. Бұл белгілердің атауы мен дизайны мемлекеттік марапаттарға ұқсас деп танылды. Соның нәтижесінде ұйымдастырушы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 674-бабының 2-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды", – деп қосты ол.
Тәртіп орнату үшін депутат мынадай ұсыныстар жасады:
- өзаңнамаға "қоғамдық марапат" ұғымын енгізу;
- мұндай белгілерге ұлттық батырлардың есімдерін беруге және мемлекеттік маңызы бар атауларды қолдануға тыйым салу;
- дизайны мемлекеттік ордендер мен медальдарға ұқсас белгілерді тіркеу үшін жауапкершілікті күшейту.
Ерболат Сатыбалды мұндай әрекеттер "қоғамдық құндылықтарды бұзады" деп атап, оларға құқықтық тұрғыда баға беру қажет екенін жеткізді.
"Өлтіруге болатынын балаларға көрсетуге болмайды": Зообелсенділер бұралқы иттерді жоюға қарсы шықты
Оқыңыз