Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жаңа саяси партия құрылмақ

Әділет партиясы"Әділет" партиясының бастамашыл тобы

Қазақстанда "Әділет" атты жаңа саяси партия құру ниеті жарияланды. Бастамашыл топ ресми мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәлімдемеде жаңа партия прогрессивті реформаларды қолдайтыны, Әділетті Қазақстан құру идеясын ілгерілететіні, заң үстемдігін нығайтып, азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуын кеңейтуді көздейтіні айтылған. Партияның негізгі мақсаты – жаңа Конституция қағидаттары мен ел құндылықтарына сүйене отырып, Қазақстан азаматтарының құқықтары, бостандықтары мен мүдделерін қорғау.

"Біз барлық жауапты азаматтардың күшін біріктіріп, экономикасы мықты, баршаға кең мүмкіндік беретін, халықаралық қауымдастықта беделі жоғары Әділетті мемлекет құруды және нығайтуды қалаймыз", – делінген мәлімдемеде.

Сонымен қатар партия басым бағыттарын да атады:

  • барлық қазақстандық үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету және кландық, өңірлік айырмашылықтардың ықпалын азайту;
  • тәуелсіз, тиімді әрі әділ құқық қорғау және сот жүйесін қалыптастыру;
  • экономикалық әділеттілік пен елдің орнықты дамуы.

Бастамашыл топ 16 сәуірде Қазақстанның Әділет министрлігіне тіркеуге дайындық рәсімін бастау туралы өтініш жолдайды деп күтіледі. Сондай-ақ жақын уақытта құрылтай съезін өткізу жоспарланып отыр.

Бастамашыл топ құрамына "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Қарлығаш Жаманкұлова, "Қазақ тілі" халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжехан, саясаттанушы Марат Шибұтов, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің басқарма төрағасы – ректоры Лаура Қарабасова, АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, "YNTYMAQ" шағын және орта бизнес қызметкерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағы" Павлодар облыстық филиалы" РҚБ төрайымы Гүлзира Атабаева, саясаттанушы Бүркітхан Нұрмұхамедов, "Qazaqstan" РТРК тележүргізуші-журналисі Ирина Тен, "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры басқармасының төрайымы Ләззат Шыңғысбаева және өзге де тұлғалар енді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 15 Сәуір, 2026 15:59