Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"50 миллиардқа жуық қаржы бөгде шотқа түседі": Блогер Республика сарайын жалға берушілерді ел қазынасына қол сұқты деп айыптады

Республика сарайы жалға беруФото: Видеодан скрин/Аlmaty-ayenderi.kz

Әлеуметтік желіде Бибек Қаныбек есімді блогер Алматыдағы Республика сарайын жекеменшікке жалға беретіндердің келісімшартқа заңсыз, қағаз жүзінде отыратынын айтты. Ол ұйымды қаражатты жасырды, қаржыны қазынаға түсірмеді және қаражатты заңсыз жұмсады деп айыптады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Блогер кәсіпорынның жасырын түрде келісімшарт жасайтынын, салдарынан жылына 50 миллиардқа жуық қаржы мемлекет қазынасынан тыс шоттарға түсіп жатқанын айтты.

“Республика сарайын жалдау ақысы бір күнге 4,5 миллион теңге. Біріншіден, сіздерге заң бойынша келісімшарттың қалай жасалатынын айтып өтейін. Бізде E-Qazyna деген ресми мемлекеттік сайт бар. Осы сайт арқылы жекеменшік тұлғалар келісімшарт жасайды. Кейін ақысын төлеп, соңында қабылдау актісіне қол қояды. Заң жүзінде осылай болу керек. Бірақ шын мәнінде, кәсіпорын мен жекеменшік тұлға қағаз жүзінде келісімшартқа отырады. Назар аударғым келетін жайт, бұл қағаз келісімшарттың тақырыбында олар "қызмет көрсету" немесе "іс-шара ұйымдастыру" деп жазады. Бірақ неге олар "Республика сарайын жалға беру" деп жазбайды? Себебі бұл заңға қайшы, өйткені олардың жарғысында мұндай қызмет түрі көрсетілмеген. Жалға беруден түскен қаржы мемлекет қазынасына түсу керек. Бұл – ресми шот. Осы шот арқылы олар тендерлерді жүргізіп, әртүрлі қызметтерге төлем жасайды”, – деп видеожазба жариялады блогер.

Оның айтуынша, қағаз жүзінде жасалған келісімшарттан кейін қаражат қазынаға емес, осы ұйымның басқа шоттарына түседі. Блогер мемлекетке тиесілі ғимаратты жалдағаны үшін түскен ақша мемлекеттік сатып алулар сайты арқылы жұмсалуы керегін айтты.

“Менің есептеуімше, тек Республика сарайынан жылына миллиардқа жуық қаржы түседі. Ал мұндай ғимараттар елде өте көп. Одан бөлек театр, спорт нысандары, спорттық ареналар, стадиондар мен мектеп спорт залдары да жалға беріледі. Осылайша, шамамен 50 миллиардқа жуық қаржы бюджеттен тыс, бөгде шоттарға түседі”, – деді Бибек Қаныбек.

Осыған байланысты “Алматы әуендері” коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына жағдайды түсіндіріп, видеожазбаға қатысты пікір білдіруін сұрадық. Алайда ұйым әкімшілігі бұл ақпараттың жалған екенін айтып, жоққа шығарды.

“Блогер әдейі немесе біліксіздігінен қызмет көрсету немесе бірлескен қызмет туралы шарттар (Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 33 және 41-тараулары) мен жалға алу шарттарын (29-тарау) өзара шатастырып, ұғымдарды ауыстырып отыр. Азаматтық кодекске сәйкес, тараптар заңмен тыйым салынбаған кез келген шарттарды жасауға құқылы. Осыған байланысты "жасырын жалға беру" туралы айтылған тұжырымдар заңдық тұрғыдан негізсіз және алыпсатарлық сипатқа ие”, – деп мәлімдеді ұйым.

Сондай-ақ олар блогердің шамалап айтқан қаржы мөлшерінің шындыққа жанаспайтынын айтты. Сондай-ақ ұйым блогерді жала жапты деп айыптап, оны сотқа бермек.

“Жолданған өтініште ешқандай дәлелсіз "қаражатты жасыру", "қазынашылықты айналып өту" және "қаражатты заңсыз жұмсау" туралы айтылған. Осылайша, көрсетілген айыптаулар негізсіз және шындыққа сәйкес келмейді. Блогердің айтқан мәлімдемелерінде мемлекеттік мекеменің іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат тарату белгілері байқалады. Аталған әрекеттер әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабына (жала жабу) сәйкес келуі мүмкін, сондай-ақ өтініш жасау құқығын теріс пайдалану ретінде қарастырылуы ықтимал”, – делінген рекдакцияға жеткен жауапта.

“Алматы әуендері” коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны іскерлік беделін қорғау және жалған ақпаратты теріске шығарту туралы талаппен сотқа жүгінуді жоспарлап отыр.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 14 Сәуір, 2026 12:05