Эминем мен Шакира Қазақстанға келіп, концерт береді

Америкалық рэпер Эминем мен колумбиялық поп-жұлдыз Шакира Орталық Азия елдеріне арналған тур аясында Қазақстанда өнер көрсететінін растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақпаратты Алматы Қоғамдық кеңесінің №5 комиссия отырысында “Спорттық нысандар дирекциясы” ЖШС-ның бас директоры Есет Байтасов мәлімдеді.
Дирекцияның таныстырылымына сәйкес, екі концерт те 2026 жылы Алматының Орталық стадионында өткізіледі деп жоспарланып отыр. Есет Байтасовтың айтуынша, қазір бұл жай ғана келіссөз емес, нақты күндерді бекіту, ұйымдастырушылық және техникалық мәселелерді пысықтау кезеңі.
Оқыңыз“Спорттық нысандар дирекциясының” мәліметінше, 2026 жылы Орталық стадионда 25 миллион теңгеге футбол алаңына, ал 37,7 миллион теңгеге қосалқы алаңның жеңіл атлетика жолақтарына жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Алайда дирекция бұл жұмыстар ірі концерттерге дейін бе, әлде кейін бе атқарылатынын, сондай-ақ көрерменнің көп жиналуы алаңның жаңа жабынына зиян келтіре ме, жоқ па – нақтыламады.
Айта кетейік, бұған дейін биыл әйгілі әнші Энрике Иглесиас Қазақстанда екі концерт беретіні хабарланған еді. 3 қыркүйекте әнші елордада, Астана Арена стадионында өнер көрсетеді. Ал 5 қыркүйекте концерт Алматыдағы Орталық стадионда өтеді.
Еске салайық, былтыр әлемге әйгілі америкалық әнші Дженнифер Лопес алғаш рет Қазақстанда концерт берді. Оның Up All Night: Live in 2025 әлемдік туры аясындағы алғашқы концерті Астанада 1 тамызда, екінші концерті Алматыда 10 тамызда өтті. Концертке қазақстандықтар ғана емес, көршілес елдерден де мыңдаған жанкүйер жиналды.
Дженнифер Лопестің Алматыдағы Орталық стадионда өткен концертін 27 мың көрермен тамашалады. Олардың шамамен 7 мыңы АҚШ, Канада, Түркия, Жапония, Қытай және бірқатар Еуропа елдерін қоса алғанда, әлемнің 35 мемлекетінен арнайы келген.
Билет бағасы 40 мыңнан 250 мың теңгеге дейін болды. Іс-шарадан түсетін салықтық түсімдердің өзі шамамен 600 млн теңгеге жеткен. Алматы қаласы туризм басқармасының мәліметінше, жалпы қаржылық айналым 10 миллиард теңгеден асады.
"Өлтіруге болатынын балаларға көрсетуге болмайды": Аружан Саин бұралқы иттерді жоюға қарсы шықты