Қазақстандық әйелдер жүктілік бойынша жәрдемақысы кешігіп жатқанына шағымданды: Еңбек министрлігі жағдайды түсіндірді

Қазақстандық әйелдер декреттік төлемнің кешігуіне қатысты жаппай шағым білдіріп жатыр. Негізі төлемдер 10 сәуірде түсуге тиіс болған. Алайда арада үш күн өтсе де аналардың шотына ақша түспеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Threads желісіндегі жазбаларға қарағанда, әдетте ай сайын 10-ына дейін түсетін төлем бұл жолы кешігіп жатыр. Астана, Алматы, Ақтау және Ақтөбе қалаларынан аналар қаражаттың әлі түспегенін айтып, мәселені қызу талқылаған. Олар ақшаның қашан түсетіні туралы ақпаратты әлі де ала алмапты. Аналарға 1414-тегі кей операторлар нақты жауап бермей, ал енді бірі төлемге арналған қаражат әлі түспегенін айтқан.
Пікір жазған әйелдердің айтуынша, олар бұл төлемді ай сайын күтіп, шығындарын соған қарай жоспарлайды.
“Мемлекеттік төлем кешікпеуі керек. Неге біз күтуіміз керек? Бұл біздің ақшамыз. Салық төлейміз, айыппұлды уақытында өтеуіміз керек. Бір нәрсе кешіксе, бірден жалақыдан ұстап қалады”, – деп жазды қолданушылардың бірі.
Скрин: Threads
Ал Еңбек министрлігі ешқандай жүйелік ақау болмағанын мәлімдеді. Ведомствоның түсіндіруінше, төлемдердің кешігуі техникалық сипатқа ие және бұл демалыс күндеріндегі банктік операциялардың ерекшелігіне байланысты.
Министрлік мәліметінше, жұма күні жіберілген қаражат Мемлекеттік корпорацияның шотына дүйсенбі күні бір-ақ түскен. Осыған байланысты декреттік төлемдерді аудару 14 сәуірден басталады.
ОқыңызСонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры барлық міндеттеме толық орындалғанын және әлеуметтік төлемдер бойынша ешқандай берешек жоқ екенін мәлімдеді.
Ал “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы кешігуге әлеуметтік сақтандыру қоры тарапынан қаражаттың уақытында аударылмауы себеп болғанын айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда азаматтық-құқықтық шарттарымен жұмыс істеген әйелдер енді декреттік төлем ала алатыны хабарланған еді.
"Өлтіруге болатынын балаларға көрсетуге болмайды": Аружан Саин бұралқы иттерді жоюға қарсы шықты