Ақтауда ер адам қыздың интимдік фотоларын таратып, оны ұрып-соққан

Ақтауда бұрынғы сүйіктісінің жеке өміріне қатысты интим материалдарын таратқан тұрғын үш жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот мәліметінше, 23 жастағы ер адам қыздың қарым-қатынасты жалғастырудан бас тартқанын қабылдай алмаған. Сосын кек алу мақсатында бұрынғы сүйіктісінің интим сипаттағы материалдарын жалған аккаунт арқылы әлеуметтік желіге жариялаған. Сонымен қатар қызды мазалап, жанжал кезінде бірнеше рет ұялы телефонмен ұрған.
Ақтау қалалық соты биыл ақпан айында ер адамды кінәлі деп таныды. Ол жәбірленушінің келісімінсіз оның жеке өміріне қатысты мәліметтерді заңсыз таратқан. Сонымен қатар қызға күш қолданып, денсаулығына жеңіл зиян келтірген. Осыған байланысты оған жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу және ұрып-соғу баптары бойынша айып тағылды.
ОқыңызБірінші сатыдағы сот ер адамға 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Сонымен қатар ол жәбірленушіге 1 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
Сотталған азаматтың қорғаушысы үкімге шағым түсіріп, тергеу барысында заңбұзушылықтар болғанын айтты. Алайда апелляциялық сот оның кінәсі куәгерлердің жауабы мен сараптама қорытындылары арқылы толық дәлелденгенін айтты. Нәтижесінде үкім өзгеріссіз қалды.
Айта кетейік, бұған дейін Атырауда әйел қызын интернетте қорқытып, интимдік видео талап еткен ер адамды әшкерелегені туралы жазған едік.
"Өлтіруге болатынын балаларға көрсетуге болмайды": Аружан Саин бұралқы иттерді жоюға қарсы шықты