Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы зоопаркінде Қызыл кітапқа енген аю екі қонжық туды

Зообақтағы қонжықтар (2)

Фото: Алматы әкімдігінің видеосынан скрин

Алматы зоопаркінде Тянь-Шань қоңыр аюының екі күшігі туып, қала тұрғындарына оларға ат қою ұсынылды. Жаңа туған қонжықтар қазір аналарымен бірге бейімделу кезеңінен өтіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Зообақ мамандарының мәліметінше, қонжықтар қаңтар айында туған. Олар алғашында соқыр, керең әрі жүнсіз болып келеді. Әдетте 3-4 ай бойы ін ішінде жатып, кірекейдің (аюдың аналығы) сүтімен қоректенеді. Қазір ғана аналық аю қонжықтарын алғаш рет үлкен вольерге алып шыға бастаған.

Қонжықтар зообақтағы танымал жұп Кұрманбек пен Герданың төртінші төлдері. Мамандардың айтуынша, Герда тәжірибелі аналық, ол жаңа туған күшіктеріне жақсы күтім жасап отыр.

Алматы зоопаркі дәстүр бойынша қала тұрғындарын жаңа туған аю күшіктеріне ат қоюға шақырды. Ұсыныстарды зообақтың Instagram парақшасындағы арнайы жазбаның астына қалдыруға болады. Күшіктердің бірі еркек, екіншісі ұрғашы.

Айта кетейік, биылғы қаңтар айы зообақ үшін ерекше өнімді болған. Бұған дейін мұнда сирек кездесетін амур жолбарыстарының үш күшігі дүниеге келіп, оларға Алан, Арлан және Тарла есімдері берілген еді. Сондай-ақ жақында үш кенгуру баласы да туып, олардың есімін таңдауға да тұрғындар қатысқан еді.

Еске салайық, бұған дейін Алматы зообағы аумағындағы ягуардың жағдайы әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, сынға ұшырады. Threads желісінде қазақстандық ұрғашы жыртқыштың күтімі нашар екенін айтып, оның әбден әлсіреп, қозғалысы қиындағанын мәлімдеді. Жарияланған видеода жануардың бір аяғын баса алмай тұрғаны байқалған. Аталған жағдайға байланысты зообақ әкімшілігі түсініктеме беріп, видеодағы ягуардың Диана есімді жануар екенін хабарлады. Олардың айтуынша, ол 2007 жылы туған және кішкентай кезінде ауыр жарақат алып, бір аяғы мен құйрығынан айырылған.

STAN.KZ
Сейсенбі, 14 Сәуір, 2026 16:43