"15 миллион теңге беруімізді ұсынды": Эльмира Төлегенова сотта өзінен пара сұрағанын айтты

Бүгін Астана сотында блогер Эльмира Төлегеновадан жауап алынды. Ол күйеуімен бірге заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру (жылыстатуға) ісі бойынша айыпталып отыр. Сотта ол тергеу кезеңінде өздерінен пара үшін ақша сұралғанын, бұған қоса тергеу кезеңінде-ақ қысым көрсетілгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жаупа беру барысында Эльмира Төлегенова Экономикалық тергеп-тексеру департаментінде өздеріне қысым жасалғанын да айтты. Оның сөзінше, бір жолы олар департамент басшысы орынбасарының қабылдауында болған. Эльмира Төлегенова күйеуіне қысым жасалған. Оның айтуынша, өзін де, жолдасын да бала сияқты ұрысып, егер Ерболат кінәні өз мойнына алмаса, бүкіл мүліктерін тәркілеп, Instagram парақшасын өшіреміз деп қорқытқан.
“Мүліктеріңді де, барлық көліктеріңді де тәркілейміз. Егер Instagram-ды өшірсек, жандарыңа бата ма? Бәрі Ерболат өздеріне ыңғайлы мойындау жауабын бермесе, қысымды басқа жолмен күшейтеміз, парақшаларыңды өшіреміз, табыссыз қаласыңдар дегенге саяды. Кездесулер кезінде негізінен тергеуші сөйледі, бізге өз ойымызды айтуға мүмкіндік берілмеді”, – деді блогер.
Сондай-ақ ол айыптау қорытындысын ChatGPT жазғандай әсер қалдыратынын айтты. Себебі тергеуші “Сәттілік дөңгелегінде” несиені жабу деген сектор болды деп жазған, ал ондай мүлде болмаған.
“Демек, ол байқаумен үстірт қана танысқан. Кейде бізді басқа блогерлермен шатастырып отырғандай көрінді”, – деп қосты Эльмира Төлегенова.
Айыпталушы “сәттілік дөңгелегі” орналастырылған сайтты жасаушы Сұңғат Өтеболатовқа қудалаудан құтылу үшін 15 миллион теңге беру ұсынылғанын айтты. Оның сөзінше, сайт әзірлеуші тергеу өкілдерімен болған бейресми әңгіме туралы жеткізген.
“Өтеболатов пен жолдасым мені алып кетуге келді. Сол кезде ол “Мен сендермен не үшін кездесіп отырмын? Сендерден бір өтінішім бар. Маған 15 миллион теңге қарызға бере тұрыңдаршы” деді”, – деді Төлегенова.
Оның сөзінше, қарыздың не үшін қажет екенін сұрағанда, Өтеболатов өзімен тергеуші арасында болған делінген әңгімені баяндап берген.
“Өтеболатовтың айтуынша, онымен бейресми түрде сөйлескен: екеуі тергеушімен кофе ішуге шыққанда, сол жерде белгілі бір соманы беру ұсынылған. Ол ыммен қанша ақша екенін көрсетіп, бұл сома оның келісімшартынан шамамен бір жарым есе көп екенін айтқан. Сонда одан кейін оған тиіспейді-мыс”, – деді блогер.
Айыпталушы олардың мұндай ұсынысқа келіспегенін атап өтті.
“Біз оған мұның дұрыс емес екенін, мұны пара ретінде бағалауға болатынын және ол үшін жауапкершілік қарастырылатынын айттық. Оның үстіне, бізде ондай ақша да болған жоқ. Біз бас тарттық”, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Сұңғат Өтеболатов өз жауабында тергеушімен мұндай әңгіменің болмағанын және бұл оқиғаны өзі ойдан шығарғанын мәлімдеген еді.
Сонымен қатар Төлегенова сол кезде жүргізілген экономикалық сараптама түскен қаражаттың басым бөлігі шығындарға жұмсалғанын анықтағанын айтты. Атап айтқанда, ақша көліктерге, ақшалай жүлделерге және ұтыс ойындарына қатысушыларға төленген өзге де төлемдерге бағытталған. Оның сөзінше, іс материалдарында тиісті түбіртектер мен үзінді-көшірмелер бар.
Еске салайық, 2026 жылғы 13 наурызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс қарала бастады. Айыпталушылар мен олардың адвокаты сот процесін жабық форматта өткізуді сұрағанымен, сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Алайда сот отырысы кезінде БАҚ өкілдеріне фото және бейнетүсірілім жасауға тыйым салу туралы өтініштері мақұлданды. Қорғау тарапы тергеу толық жүргізілмегенін және заңбұзушылықтар болғанын алға тартып, істі прокурорға қайта қарауға жіберуді сұрап отыр.
"Өлтіруге болатынын балаларға көрсетуге болмайды": Аружан Саин бұралқы иттерді жоюға қарсы шықты
Оқыңыз