Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар пайдаланылмаған SIM-карталар үшін қарыз жазылғанына шағымданды

сим карта шығарып жатқан адам

Фото: depositphotos.com

Әлеуметтік желіде қазақстандықтар пайдаланылмаған абоненттік нөмір үшін операторға қарыз болғандарын айтып шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Желіде Tele2 абоненті қолданылмаған SIM-картасы үшін қарыз жазғаны туралы ақпарат кеңінен талқыға түсті. Жазба авторының айтуынша, ол тарифті шамамен 5 мың теңгеге акциямен қосқан. Ал акциясыз оның құны 8 990 теңге болған. Алайда кейін бірнеше ай бойы SIM-картаны пайдаланбаған. Балансты тексергенде, шоттың минусқа кеткенін байқаған.

оператор скрин

"Tele2 тарифін қостым — 8990 теңге. Айтпақшы, ең арзан тариф осы болды. Акциямен шамамен 5 мың теңгеге шықты.Бірнеше ай нөмірді мүлде қолданбадым.Кейін балансыма кірсем — минус 5700 теңге. Жарайды, абоненттік төлем шығар деп ойладым. Ақша салдым, бірақ бұл SIM-картаны пайдаланбағаным үшін салынған айыппұл болып шықты", — дейді ол.

Мұндай қарыздың өзі ғана емес, оның есептелу тәртібі де азаматтың ашуын туғызған:

"Бүгін сен жай ғана нөмірді пайдаланбайсың, ертең саған қарыз жазады, бірнеше күннен кейін коллекторлар келеді ме? Ең арзан тарифтің өзі 9 мың тұрады. Оның үстіне тағы айыппұл қосады. Бұл енді байланыс нөмірі емес, микронесие сияқты", — дейді ол.

скриндер

Сонымен қатар ол клиенттерге мұндай шарттардың қаншалықты түсінікті түрде жеткізілетініне күмән келтіреді.

"Қосылу кезінде бұл шарттары қай жерде жазылыпты? Бұл 100 бет майда шрифтті кім оқиды? Адам неге мұны қарыз жазылған кезде  ғана біледі?" — деп наразылығын білдірді.

Айта кетейік, жазба астындағы пікірлерде тағы бір қолданушы да ұқсас жағдай болғанын айтып, оператордан келген SMS-хабарламаның скриншотын қоса жариялаған. Онда қарызды өндіріп алуға коллекторлар тартылуы мүмкін екені көрсетілген.

“Менде де осы тариф қосылған еді. SIM-картаны пайдаланған жоқпын. Сбебі байланыс жоқ,  қоңырау шалу да мүмкін емес, интернет те істемейді. Соған қарамастан олар қайта есептеуді жасамады, керісінше айыппұл есептеп, коллекторларға жібереміз деп қорқытты”, – деп жазды қолданушылардың бірі. 

Енді бір қолданушы өз келісімінсіз тариф қосылғанын айтып шағымданған. 

“Маған 2 ай бұрын Tele2 менің келісімімсіз "Интернет 2590 тг" қызметін қосып жіберді. Соның салдарынан балансым минусқа кетті. Заң бойынша баланс минусқа түспеуі керек. Мен компанияға хат жаздым, тариф өшірілді. Бірақ осы жағдай бойынша e-Otinish арқылы шағым түсірдім, алайда ол жақтан тек бос жауап келді, "өздеріңіз шешіңіздер" деген сияқты”, – деп жазды тағы бір қолданушы. 

Байланыс операторының ұстанымы 

Tele2 компаниясы Tengrinews.kz басылымына SIM-картаны пайдаланбауға байланысты емес, тариф шарттарына байланысты тұрақсыздық айыппұлы есептелетінін мәлімдеді.

"SIM-картаны пайдаланбағаны үшін ешқандай айыппұл жоқ. Белгілі бір тарифтерде шарт бұзылған жағдайда салынатын тұрақсыздық айыппұлы бар. Қарапайым тілмен айтқанда, келісімшарт мерзімі аяқталмай тұрып оның талаптары орындалмаса, айыппұл белгіленеді", — деп түсіндірді оператордың баспасөз қызметі.

Байланыс операторы мұндай тарифтерге қосылу кезінде пайдаланушы шарттармен ЭЦҚ арқылы келісетінін атап өтті.

"Контракттық тариф шарттары орындалмаған жағдайда абонент келісімшартта көрсетілген талаптарға дайын болуы тиіс. Контракттық тарифке қосылу туралы өтініш – абонентті қосу процесінің ажырамас бөлігі. Тарифке қосылар алдында абонент шарттар туралы ақпарат алады және тарифке қатысты толық мәлімет сілтемесі беріледі. Оған қосыла отырып, абонент жылдық тарифтердің шарттарымен келіседі", — деді компания өкілдері.

Сондай-ақ оператор клиенттерге төлемдер мен ықтимал салдарлар туралы алдын ала ескертілетінін алға тартады.

"Біз абонентке жоспарлы төлемге бірнеше күн қалғанда абоненттік төлемді төлеу қажеттігі туралы хабарлаймыз. Егер төлем жасалмаса, тұрақсыздық айыппұлы есептелмес бұрын абонентке SMS-хабарламалар жіберіледі", — деп түсіндірді компания.

Егер адам нөмірді уақытша пайдаланбайтын болса, компания тарифті алдын ала ауыстыруды ұсынады.

Еске салсақ, жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қазақстандықтарға SIM-карталарды тіркеудің жаңа ережелері туралы айтқан еді. Енді SIM-картаны рәсімдеу биометриялық сәйкестендіруден кейін ғана жүргізіледі. Министрлік мәліметінше, елде бір адамға жеке және отбасылық қажеттіліктер үшін онға дейін SIM-картаны тіркеуге мүмкіндік беріледі.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 14 Сәуір, 2026 19:58