Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда SIM-карталарды сатып алу тәртібі өзгерді: Министрлік жаңа ережелерді түсіндірді

Фото: istockphoto.com

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі 2026 жылдың 3 қаңтарынан бастап күшіне енген SIM-карталарды сатып алудың жаңа ережелеріне қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министрлік мәліметінше, жаңа ережеге сәйкес Қазақстанда SIM-картаны енді тек биометриялық сәйкестендіруден өткеннен кейін ғана рәсімдеуге болады. Бұл талап мобильді және интернет-алаяқтықпен күресу үшін енгізілген.

“Өкінішке қарай, интернет-алаяқтық жағдайларына, сондай-ақ тергеу жүргізуді қажет ететін оқиғаларға жиі тап боламыз. Ал телефон нөмірі жеке тұлғаға тиісті түрде тіркелмеген болса, мұндай істерді ашу қиынға соғады. Сондықтан бұл нөмірдің нақты бір азаматқа тиесілі екенін, оның қасақана схемаларда пайдаланылмайтынын анық білу үшін ережелер өзгертіліп, SIM-карталарды сатып алу кезінде биометриялық сәйкестендіру енгізілді”, – деді үкіметтегі брифингте бірінші вице-министр Ростислав Коняшкин.

SIM-картаны жалға беріп 5 миллион теңге тапқан: Қостанай облысында тұрғын алаяқтық үшін жауапқа тартылды


Министрлік жанындағы телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков жаңа ережелердің осы жылдың басынан бастап күшіне енгенін еске салды. 

“SIM-картаны онлайн сатып алу кезінде биометриялық сәйкестендіру міндетті. Сонымен қатар байланыс операторларының абоненттік бөлімдеріне жеке барып та SIM-карта сатып алуға болады. 3 қаңтардан бастап жаңа ережелер күшіне енді және қызмет көрсетуші операторлардың мобильді қосымшалары арқылы жүргізілетін барлық операциялар биометрия арқылы жүзеге асырылып жатыр”, – деді Сейсембеков.

Егер қазақстандықтар SIM-картаны қарапайым дүкеннен сатып алса, оны іске қосу кезінде жеке басын растау үшін SMS хабарлама келеді. Осы растаудан кейін ғана жаңа SIM-картаны пайдалана алады.

“Менің ойымша, қазір SIM-картаны дүкеннен сатып алудың қажеті жоқ, оны операторлардың мобильді қосымшалары арқылы оңай рәсімдеуге болады. Егер биометриялық сәйкестендіруден өту қиын болса немесе смартфоныңыз болмаса, мобильді байланыс операторларының ресми сату бөлімдеріне жүгінесіз”, – деді комитет төрағасы.

Сондай-ақ комитет төрағасы Қазақстанда енді бір адамға ең көбі 10 SIM-карта ғана рәсімдеуге болатынын атап етті.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда енді SIM-картаны рәсімдеу биометриялық сәйкестендіруден кейін ғана жүргізілетіні туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 06 Қаңтар, 2026 21:31