Қаржы нарығын реттеу агенттігі 7 триллион теңге аударылған банктің атын айтудан бас тартты

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы 7 триллион теңге аударылған банктің атауын жариялаудан бас тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова Мәжілістегі брифингте ірі банктерге инспекциялық тексерулер жүргізілгенін айтты. Оның сөзінше, тексеру барысында заңбұзушылықтар, соның ішінде санкцияларды айналып өту мүмкіндігі расталған.
“Реттеуші талаптарға сәйкес, тексеру нәтижелері мен банктердің атаулары жарияланбайды”, – деді Әбілқасымова.
Журналистер төрағадан нақты қанша банк ереже бұзғанын сұрады. Ал Әбілқасымова тексеруден өткен барлық банкте белгілі бір деңгейде заңбұзушылық анықталғанын айтты. Оның сөзінше, әр банк бойынша қадағалау жоспары жасалып, кемшіліктерді жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.
ОқыңызІстің мән-жайы
Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық банктердің бірі көрші елден 7 триллион теңгеден астам қаражатты басқа мемлекеттерге аударуға көмектескенін айтқан еді. Осыдан кейін реттеуші органдар бірқатар банктің трансшекаралық операцияларына тексеру бастаған. Қорытындысы келесі аптада жарияланбақ.
Кейін Мәжілісте Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов қазақстандық банктердің бірінен 7 триллион теңгеден астам қаржыны аудару туралы ақпаратқа пікір білдірген еді. Сол кезде Шолпанқұловтың айтуынша, президент айтқан 7 триллион теңге міндетті түрде заңсыз қаражат шығару дегенді білдірмейді, бұл жай ғана "жалпы айналым" болуы да мүмкін. Ол мысал ретінде: егер екі адам бір-біріне күн сайын мың теңгеден аударып отырса, жылдың соңында "қомақты сома жиналатынын" айтты. Оның сөзінше, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк тарапынан тексеру жалғасуда, алайда "ерекше құқықбұзушылық белгілері" анықталмаған.
Ол осы пікірінен соң бірден қызметінен кеткен.
“Қазақ тілінің арқасында кәріс тілін үйрендім”: Желіде қазақша сөйлеген кәріс азаматы жұрттың ықыласына бөленді