Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Президент тексерілмеген ақпаратты жарияламайды": Ақорда 7 триллион теңгені аудару дерегіне қатысты пікір білдірді

Қасым-Жомарт Тоқаев

Фото: Ақорда

Ақорда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі банктердің бірі арқылы 7 триллион теңге көлеміндегі аударымдар туралы айтқан сөзінің шынайылығын растап, санкциялар мәселесін қозғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ҚазТАГ басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтің мәліметінше, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тексерілмеген ақпаратты жарияламайды. Егер ол 7 триллион теңге сомасында транзакциялар болғанын айтса, демек солай болған.

“Бұл ақпарат кең талқылауға арналған тақырып емес, Қаржылық мониторинг агенттігінің ғимаратында өткен кеңеске қатысушыларға жіберілген, яғни қатаң түрде қызметтік сипатта болған. Транзакциялар жүзеге асқан банк кім туралы сөз болғанын біледі. Президент саяси орындылық пен дипломатиялық хаттама талаптарын ескеріп, санкциялық режим жағдайында мұндай функцияны өз мойнына алған банктің атауын да, транзакциялық қаражаттың шыққан елін де, алушы елді де әдейі атамады”, – деді Президенттің кеңесшісі.

Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық банктердің бірі "көрші елден" 7 триллион теңгеден астам қаражатты басқа мемлекеттерге аударуға көмектескенін айтқан еді. Осыдан кейін реттеуші органдар бірқатар банктің трансшекаралық операцияларына тексеру бастаған. Қорытындысы келесі аптада жарияланбақ. 

Ал күні кеше Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов қазақстандық банктердің бірінен 7 триллион теңгеден астам қаржыны аудару туралы ақпаратқа пікір білдіріп, заңбұзушылық белгілері анықталмағанын айтты.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 20 Ақпан, 2026 15:42