"Атып өлтіруге шақырулар айтылған": Депутат Абзал Құспан әріптестерінің қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірді

Фото: pikabu.ru / Мәжілістің баспасөз қызметі / Депутаттар Абзал Құспан, Еділ Жаңбыршин, Сергей Пономарев
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңға енгізілетін түзетулер жөнінде халыққа жалған ақпарат тарап жатқанын мәлім етті. Сонымен қатар депутаттар тарапына айтылып жатқан үндеулерге қатысты да ренішін жасырмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат А. Құспанның айтуынша, соңғы уақытта қоғамда кез келген мәселе эмоция мен айғайға ұласып, фактілердің орнына манипуляция алға шығып отыр.
"Соңғы уақытта біз бір қауіпті үрдісті байқап отырмыз. Кез келген өзекті мәселе – мейлі ол әлеуметтік болсын, тұрмыстық болсын, тіпті жануарларға қатысты болсын – әп-сәтте эмоцияға, айғайға, айыптауға айналып кетеді. Осы тұста маңызды жайтты атап өткім келеді. Қазір қоғамда кеңінен талқыға түскен үй жануарларына жауапкершілікпен қарау туралы заңда иттерді 5 күнге дейін уақытша ұстау қарастырылған. Егер осы мерзім ішінде иесі табылмаса, әрі қарай тиісті шешім қабылдау тетігі көзделген", – деп Абзал Құспан ренішін жеткізді.
Ол үй жануарларына жауапкершілік туралы заң жобасы төңірегінде де ақпараттың толық жеткізілмей жатқанын атап өтті.
"Ең маңыздысы, осы мерзімді ұзарту құқығы жергілікті мәслихаттарға беріліп отыр. Өйткені, әр өңірдегі жағдай әртүрлі. Өкінішке қарай, заңдағы осы нормалар қоғамға толық жеткізілмей, ақпарат біржақты тарап жатыр, яғни факті емес, манипуляция алға шықты. Диалогтың орнына – қысым, пікірталастың орнына - қорлау келеді. Бұған нақты мысалдар жеткілікті. АЭС мәселесі, жаңа Конституция төңірегіндегі талқылаулар, қазіргі үй жануарларына жауапкершілікпен қарау туралы заң жобасы - осының бәрінде бір сценарий қайталанып отыр", – деді Абзал Құспан Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде, соның ішінде Facebook-те жазылған пікірлердің бірқатарында Жаңбыршин, Пономарев секілді депутаттардың аты аталып, оларға қатысты тікелей зорлық-зомбылық жасауға, тіпті атып өлтіруге үндеулер айтылған.
"Бұл – жай эмоция емес. Бұл – құқықтық баға беруді қажет ететін нақты әрекет. Қақтығыс тек депутаттар мен жекелеген азаматтар арасында ғана емес, осы заң жобасын қолдаған және қарсы болған топтардың арасында да қауіпті деңгейге дейін ушығып отыр. Мұндай әрекеттердің құқықтық шегі бар. Жеккөрушілік тудыру, араздық қоздыру, зорлық-зомбылыққа шақыру – бұлар заңмен тікелей тыйым салынған әрекеттер. Сондықтан мұндай фактілерге құқық қорғау органдары нақты құқықтық баға беруге тиіс. Бұл – жай пікір емес, қылмыстық жауапкершілік туындататын әрекет. Ең алаңдатарлығы, осындай тақырыптардың айналасында әдейі қоғамды бөлуге тырысатын, әлеуметтік алауыздықты қоздыратын мәлімдемелердің көбеюі. Бұл кездейсоқ құбылыс емес.
Сондай-ақ депутат қоғамды әдейі бөлуге бағытталған мәлімдемелердің көбейгеніне алаңдаушылық білдіріп, “Заң мен Тәртіп” қағидатын іс жүзінде сақтау қажет екенін айтты.
"Мемлекеттік институттарды жаппай қаралау, қоғамды бір-біріне айдап салу – сөз бостандығы емес. Бұл – жауапсыздық. Сондықтан менің ұстанымым айқын. Біз "Заң мен Тәртіп" қағидатын сөз жүзінде емес, іс жүзінде қамтамасыз етуге міндеттіміз. Қоғамдық талқылау болуы керек - бірақ ол жауапкершілікпен жүргізілуі тиіс. Сын болуы керек – бірақ ол дәлелге негізделуі тиіс", – деді депутат.
Осы орайда ол келіспейтін нормаларға қатысты ұсыныстар заң аясында шешілуі тиіс екенін айтты.
"Бізде бұл үшін барлық институционалдық тетіктер бар. Нақты мәселе алаңдатқан адам – диалогқа келсін. Ұсыныс берсін. Бақылауға қатыссын. Бұл – дұрыс әрі нәтижелі жол. Біз құқықтық мемлекетпіз. Ал құқықтық мемлекетте бір ғана өлшем бар – ол Заң! Сондықтан әркім өз сөзі мен іс-әрекетіне жауап беруі тиіс. Біздің міндет – эмоцияға ермеу, қоғамды бөлмеу, керісінше біріктіру. Сондықтан мен осы үндеу арқылы барша азаматтарды Заң мен Тәртіп қағидатын қатаң ұстануға, әр сөз бен әрекетке жауапкершілікпен қарауға шақырамын", – деді Абзал Құспан.
Еске салайық, биыл 8 сәуірде парламент Мәжілісі "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізген еді. Еске салайық, Қазақстанда үй жануарларын чиптеу мәселесі бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. Қазір жануарларды есепке алу жүйесі толық жолға қойылмаған, сондықтан олардың нақты саны мен иелері туралы деректер жеткіліксіз. Осыған байланысты депутат Еділ Жаңбыршин жануарларды міндетті түрде чиптеу арқылы бірыңғай база қалыптастыруды ұсынды. Бұл тәсіл жоғалған жануарларды табуды жеңілдетіп, иесіз ит пен мысық санын азайтуға мүмкіндік береді.
“Қазақ тілінің арқасында кәріс тілін үйрендім”: Желіде қазақша сөйлеген кәріс азаматы жұрттың ықыласына бөленді
Оқыңыз