Алматыдағы ауруханада екі жасар баланың анасы дәрігермен төбелесті (видео)

Алматыдағы ауруханалардың бірінде медицина қызметкері мен науқастың арасында болған жанжал бейнебақылау камерасына түсіп қалды. Оқиғаға қатысты полиция тексеру жүргізіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желіде медициналық мекеме ішінде екі әйелдің жанжалдасып қалған сәтінің видеосы тарады. Кадрлардан олардың бірінің медицина қызметкерінің формасында екенін көруге болады.
Желіде жарияланған мәліметтерге сүйенсек, оқиға 31 мамырға қараған түні Алматыдағы Балалар қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасында болған.
Ақпаратқа сәйкес, сол түні қабылдау бөліміне екі жасар бала жеткізілген. Дәрігер тексеруден кейін оны ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылдаған. Ал баламен бірге ауруханаға кәмелетке толмаған әпкесі келген. Дәрігерлер бүлдіршінді ауруханаға жатқызу үшін заңды өкілдің келісімі қажет екенін айтып, анасын күткен. Әйел келген соң дәрігермен жанжалдасып, кейін соңы төбелеске ұласқан
Бейнежазбада қолында баласы бар әйелдің медицина қызметкеріне жақындағаны көрінеді. Екеуі біршама уақыт сөйлесіп тұрады. Алайда көп ұзамай сөзге келіспеушілік жанжалға ұласып, кейін төбелеске айналған. Дәлізде жиналған адамдар оларды ажыратуға тырысқан. Бір сәтте жанжал басылғандай болғанымен, көп ұзамай қайта өршіген.
Оқиғадан кейін аурухана қызметкерлері полиция шақырып, арыз түсірген.
ОқыңызПолиция не дейді?
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, екі тарап та құқық қорғау органдарына арыз түсірген. Ішкі тексеріс барысында дәрігердің заң талаптары мен ішкі тәртіпке сай әрекет еткені анықталды. Сондай-ақ аурухана өкілдері баланы ауруханаға жатқызудан бас тарту немесе оған медициналық көмек көрсетпеу дерегі болмағанын атап өтті.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, тергеу жұмыстарын Алатау ауданы полиция басқармасына қарасты полиция бөлімі жүргізіп жатыр.
“Оқиғаның барлық мән-жайы мұқият зерделеніп, әр тараптың әрекетіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес объективті құқықтық баға беріледі", – деп мәлімдеді полиция.
Полиция азаматтарды кез келген даулы мәселені тек заң аясында шешуге және қоғамдық орындарда жанжалды ушықтырмауға шақырды.
Еске салайық, бұған дейін Екібастұзда науқастың достары дәрігер мен медбикеге шабуыл жасағаны хабарланған еді. Оқиға 12 сәуірде таңертең Екібастұздағы травмпунктте болған. Ақпаратқа сәйкес, жергілікті тұрғын медициналық көмекке жүгінген. Онымен бірге масаң күйде болған екі досы да келген. Еріп келгендер агрессивті әрекет танытып, медицина қызметкерлерінің ескертулеріне құлақ аспаған.
“Бөлмеден шығудан бас тартқан жас жігіттер дәрігерге соққы жасай бастаған. Жағдайға араласуға тырысқан медбике де дене жарақатын алды. Қазір зардап шеккен екі медицина қызметкері де ауруханаға жатқызылды”, – деп хабарлады Павлодар облысы ПД.
"Топыраққа көміп, үстіне хлор төккен": Алматы облысында көз жұмған жігіттің жақындары оның өлімінің мән-жайын айтты