"Шағымы қанағаттандырылмады": Дариға Бадықова сотта тағы да жеңіліп қалды

Заңгер Инга Иманбай актриса Дариға Бадықованың талаптары сотта тағы да қанағаттандырылмағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ол мұны әлеуметтік желідегі парақшасында айтты.
“Дариға Бадықованы тағы да жеңдік. Журналист Нұрсейіт Жылқышыбайды қорғаған ісіміз бойынша Дариға Бадықованың апелляциялық шағымы да қанағаттандырылмады. Яғни Алматы облыстық соты бірінші сатыдағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды”, – деді ол.
Мән-жайы
Айта кетейік, 2025 жылы қазанда "Уақыт көрсетеді" YouTube арнасында актер Дархан Мұсаевтың сұхбаты жарияланды. Ол Дариға Бадықовамен неге ажырасқанын, 16 жылдық отбасылық өмірі туралы айтты.
Кейінірек актриса Дариға Бадықова әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады.
“Киномның алдында, сонша төккен еңбегімнің, адал терімнің алдында өмірімді күлге айналдырмақ болған әрекет тек мені емес, өнердің өзін де қорлау деп білемін. Мен халыққа жеке өмірімді емес, жүрегімді, еңбегімді, өнерімді ұсынып келдім. Әрдайым өнер бөлек, жеке өмір бөлек деген позицияда болдым. Әйтпесе хайп қуамын десем айтар нәрсе жетеді менде де! ...Менің де шындығым бар және ол шындық та айтылар күнге жетті. Осы күнге дейін көп нәрсені жасырып жүрдім”, – деді ол.
Сонымен қатар, актриса әрі продюсер Дариға Бадықова даулы сұхбаттан кейін бұрынғы күйеуі Дархан Мұсаевтың үстінен арыз түсірді.
Бұған дейін Инга Иманбай Дариға Бадықова сотта қандай талаптар қойғанын айтты.
"Топыраққа көміп, үстіне хлор төккен": Алматы облысында көз жұмған жігіттің өлімі туралы жақындары мән-жайын айтты
Оқыңыз