Жезқазғанда балаларға арналған кешенді шығармашылық орталық ашылды

Жезқазғанда балаларға арналған кешенді шығармашылық орталық ашылды. Бұл Ұлытау өңірінде соңғы 70 жылда алғаш бой көтерген әлеуметтік бағыттағы заманауи дамыту орталығы.
Баланың зейіні ашылсын деген сеніммен "Шабыт" деп аталған су жаңа шығармашылық кешеннің ресми ашылуы арнайы 1 маусым – балаларды қорғау күніне орайластырылды. Құны 4 миллиард теңгені құрайтын орталық Болат Өтемұратов Қорының қолдауымен салынған.
Кешеннің салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Ұлытау облысының әкімі Дастан Адайұлы Қорға алғысын білдіріп, жаңа нысанның қала үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
"Өңірдің дамуы өскелең ұрпаққа салынған инвестициямен тікелей байланысты. Жезқазған қаласындағы "Шабыт" балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығы – бұл жай ғана заманауи ғимарат емес - балалардың білім алып, қабілетін дамытып, технология, шығармашылық және спортпен лайықты жағдайда айналысуына мүмкіндік беретін кеңістік. Дәл осындай жобалар өскелең ұрпақтың өз болашағына деген сенімін қалыптастыратын орта құрады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше мәрте атап өткендей, әрбір баланың әлеуетін арттыру – елдің стратегиялық басымдығы", – деді Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков.
Жалпы аумағы 2 600 шаршы метрден асатын кешенде арт-студия, қыш шеберханасы, ерте дамыту орталығы, жекпе-жек және хореография залдары, физика, математика, жаратылыстану және робототехника кабинеттері, цифрлық өнер мен графикалық дизайн студиясы, фотостудия, музыка сыныптары, шахмат кабинеті және үлкенді-кішілі концерттік шаралар өткізуге ыңғайлы кең акт залы бар. "Шабыт" балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығында барлығы 14 оқу кабинеті, медициналық бөлме мен коворкинг кеңістіктері орналасқан. Ғимарат бір уақытта 250 балаға дейін қабылдай алады. Үйірмелер тегін әрі үш ауысыммен өткізілетіндіктен, орталықтың күніне 600 балаға білім беру мүмкіндігі бар.
Аумағы 1,6 гектар болатын кешенде спорт және ойын алаңдары мен абаттандырылған қоғамдық кеңістіктер де жұмыс істейді.
Ғимаратты жобалау барысында инклюзивті орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді. Мұнда ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың кедергісіз келуіне барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ сенсорлық бөлме олардың дамуы мен бейімделуіне ықпал ететін маңызды орталықтардың бірі саналады.
"Білім беру саласын қолдау және балалар мен жастардың жан-жақты дамуына арналған заманауи инфрақұрылым қалыптастыру – Қор қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Біз мұндай жобаларды мемлекетіміздің адам капиталына салынған ұзақ мерзімді инвестиция деп білеміз. Жезқазғандағы жаңа "Шабыт" балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығы өңір балаларының сапалы қосымша білім алып, шығармашылық әрі кәсіби тұрғыдан дамуына тың серпін береді деп сенемін", – деді Болат Өтемұратов Қоры Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Алмаз Шарман.
Өңір үшін маңызды нысанның ашылу салтанатына Ұлытау облысы мен Жезқазған қаласының басшылығы, Болат Өтемұратов Қоры мен "Верный Капитал" компаниялар тобының өкілдері, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, депутаттар, БАҚ өкілдері және қоғам белсенділері қатысты.
"Жобаны жүзеге асыру барысында құрылыс сапасына, заманауи шешімдерді енгізуге және балалар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға ерекше мән берілді. Біз үшін бизнестің табысы тек экономикалық көрсеткіштермен емес, қоғамға тигізген нақты пайдасымен де өлшенеді. Білім мен өскелең ұрпақтың дамуына бағытталған бастамаларды қолдау – біздің басты құндылықтарымыздың бірі. Бұл кешен балалардың білім алып, шығармашылығын шыңдап, достық қарым-қатынас орнататын әрі жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды орталыққа айналады деп сенемін", – деді "Верный Капитал" компаниялар тобының бас директоры Айдан Ақанов.
Бүгін Жезқазғанда жаңа ашылған "Шабыт" орталығы Болат Өтемұратов Қоры жүзеге асырған ірі әлеуметтік жобалардың қатарын толықтырды. Қор соңғы 12 жылда Қазақстанның әр өңірінде әлеуметтік маңызы зор жобаларды жүзеге асырып келеді. Олардың қатарында Есік пен Қосшы қалаларындағы мектептер, Қызылордадағы жаңа әуежай және Қосшыдағы комьюнити-орталық бар. Жобалардың барлығын біріктіретін ортақ мақсат – халықтың өмір сапасын жақсартып, өңірлердің тұрақты дамуына үлес қосу.
Болат Өтемұратов Қоры еліміздің білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, экология, инклюзия, табиғи апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсету, сондай-ақ заманауи әлеуметтік инфрақұрылым қалыптастыру арқылы өңірлерді дамыту бағыттарындағы жобаларға 100 млрд теңгеден астам қаражат бөлді.
“Қуантсаң, баланы қуант” дегендей, балалар мерекесінде ашылған шығармашылық орталықты Болат Өтемұратов Қоры Жезқазған қаласына тарту етті.
"Топыраққа көміп, үстіне хлор төккен": Алматы облысында көз жұмған жігіттің өлімі туралы жақындары мән-жайын айтты