Қазақстанның мемлекеттік бюджетінің кірісі бес айда 11,4 трлн теңгеден асты

Қазақстанның 2026 жылғы қаңтар–мамыр айларындағы мемлекеттік бюджет кірісі жоспардан асып, 11,4 трлн теңгені құрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл туралы қаржы министрлігі мәлімдеді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16%-ға жоғары болып, экономикалық белсенділіктің тұрақты өсімін көрсетеді.
“Республикалық бюджет 100,9%-ға орындалды: жоспарланған 7,34 трлн теңгенің орнына нақты түсімдер 7,41 трлн теңгені құрап, болжамнан 66,7 млрд теңгеге артық болды. Өткен жылмен салыстырғанда кірістер 25,1%-ға немесе 1,48 трлн теңгеге өсті. Жергілікті бюджеттердің кірістері 4,05 трлн теңгені құрап, 2025 жылдың қаңтар–мамыр айларымен салыстырғанда 2,4%-ға артты”, – делінген қаржы министрлігінің ақпаратында.
Республикалық бюджет кірістерінің негізгі бөлігін (97,7%) салықтық түсімдер құрайды. Олар 100,5%-ға орындалып, 30%-дан астам өсім көрсетті. Өсім қосылған құн салығы (ҚҚС), корпоративтік табыс салығы, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық және мұнай экспортына салынатын кедендік баж есебінен қамтамасыз етілді.
Кірістердің артуына шикізат нарығындағы қолайлы баға конъюнктурасы, іскерлік белсенділіктің күшеюі және салық реформасының оң әсері себеп болған.
Мемлекеттік бюджет даму бюджеті мәртебесін сақтап отыр. Қаражат жолдарды салу және жөндеу, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, көлік-логистикалық дәліздерді дамыту, энергетика, сумен жабдықтау және цифрландыру жобаларына бағытталуда.
Жалпы алғанда, бес айдың қорытындысы бойынша бюджет кірістерінің тұрақты өсуі және түсімдердің оң динамикасы сақталғаны байқалады.
Еске салсақ, былтыр елімізде бюджеттің 649 миллиард теңгесі тиімсіз жұмсалғанын жазғанбыз.
"5 жастағы баланы даярлық сыныбына да, балабақшаға да алмайды": Қазақстандық ата-ана білім беру жүйесіндегі қайшылыққа наразы
Оқыңыз