"Моля, не нервируй меня": Қазақстандықтар буллингке ұшыраған Мөлдір Әуелбекованы жақтап шықты

Продюсер Баян Алагөзова мен блогер Нұрлан Әлімходжаев қазақстандықтардың сынына ұшырады. Желідегі жұртқа олардың әнші Мөлдір Әуелбековаға қатысты айтқан қалжыңы жақпай қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Демалыс күндері Алматыдағы Орталық стадионда өткен КешYou-дың мерейтойлық концертінен кейін Баян Алагөзова ұжыммен бірге After party ұйымдастырған. Онда блогер әрі салон иесі Баян Мақсатқызына жеңсіз көйлек сыйлады. Ал жеңіл жейдеде “Моля, не нервируй меня! Ұстазым!” деп жазылған.
Продюсер блогердің тартуын алғаннан кейін видеоға қарап, Мөлдір Әуелбекова туралы сөздерді қайталайды. Сондай-ақ кадрлардан өзге де шоу-бизнес өкілдерінің бұған күліп жатқанын байқауға болады.
Мұны Нұрлан Әлімходжаев әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісіп, жазба да қалдырған.
“Кеше концерттен кейін мен бір нәрсені анық түсіндім. Нағыз өнер адамы – эго туралы емес. Иә, “ештеңе етпейді” деп айта беруге болады. Орнын басатын адам табуға болады. Бірақ, көрермен сені күтті. Өйткені адамды біреудің жастық шағынан өшіріп тастау мүмкін емес. Ал ескі жанжал, реніш немесе бір нәрсені дәлелдеу үшін мұндай сахнаға шықпау – продюсерді жазалау емес. Бұл – көрерменді өз естелігінен айыру”, – деп жазған ол.
ОқыңызАлайда олардың бұл қылығы желі қолданушыларының шамына тиді. Олар көпшілік алдында өзгені бұлай мазақ ету дұрыс емес деп санайды.
“Мөлдірді қолдайтын халқы бар”, “Қазақтың қыздары саған ойыншық па еді?”, “Өкінішті. Әдемі кештің артын осылай түсіре салғаны өкінішті! Бұл жағдай өз бастарыңнан өтпей өмірден өтпейтіндеріңді ұмытпаңдар!”, “Сіздің не қатысыңыз бар? Недеген буллинг мынау?”, “Сіздерге де жақсы бір бойкот керек-ау шамасы”, – деп жазды олар.
Әсем есімді қолданушы ешкім ешкімге ештеңе міндетті емес екенін жеткізді. Оның сөзінше, егер Мөлдір Әуелбекова концертте өнер көрсетуден бас тартса, бұл – оның жеке құқығы. Ол әншінің шығармашылығы бұдан жоғалып кетпейді, жанкүйерлері оны басқа концерттерден де тыңдай алады деп санайды.
“Шынын айтсақ, егер сіздің сырт келбетіңізді көпшілік алдында дәл осылай сөз етсе, сіз де үнсіз қалып, ештеңе болмағандай жүре беруіңіз екіталай еді. Көп адам мұндай жағдайда эмоцияға беріліп жауап қайтарар еді. Сондықтан біреудің әрекетін сынамас бұрын, өзіңізді сол адамның орнына қойып көрген жөн”, – деп жазды ол.
Ал Назерке есімді қолданушы жеке дүниелерді көпшілік алдындағы қудалауға айналдырмауға шақырды.
“Сіз кімсіз, ашық түрде буллинг жасауға қандай құқығыңыз бар? Өзіңіз жеке танымайтын қызға неге бұлай қарайсыз? Ол сізді бір фильмге түсіргені үшін бе? Осындай жазбаларды жариялаған кезде, оның қаншалықты дұрыс әрі әділетті екенін ойланып көресіз бе?” – деп жазды ол.
Тағы бір пікір иесі блогердің бұл қылығы мен жазбасын қорлау деп есептейді.
”Қазақ қызын қорлауға оған кім құқық берген? Сын айту мен қорлау – екі бөлек нәрсе. Айтар ойы нақты болмаса, адамды кемсітуге көшудің қажеті жоқ. Әйелге, жалпы адамға және өз сөзіне құрметпен қарау – халқымыз қашан да жоғары бағалаған құндылық. Сондықтан біреуді қорламас бұрын, алдымен өзіне қарап, өзгеге баға беруге қаншалықты лайық екенін ойланғаны жөн”, – деп жазды ол.
Мән-жайы
Еске салайық, бұған дейін Мөлдір Әуелбекова КешYou-дың концертіне қатыспайтынын мәлімдегені хабарланған еді. Өнер иесі бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның сөзінше, концерт өзісіз де жоғары деңгейде өтеді. Ол, осылайша, өнер жолындағы үлкен бір тараудың бетін жабатынын жеткізді.
“Кешьюдың концертіне қатыспау туралы шешім қабылдадым. Менсіз-ақ, алтын құраммен керемет кеш өтетініне сенімдімін. Осылайша, өнер жолымдағы үлкен бір кезеңнің бетін өзім үшін жабамын”, – деп жазды ол.
Ал Баян Алагөзова оның бұл шешімін сатқындық деп бағалады. Продюсер ашуын жасыра алмай, Мөлдір Әуелбекованың бұл қылығына мүлде таңғалмағанын айтты.
“Мөлдір Әуелбековадан мен дәл осыны 100 пайыз күттім. Ол мені жолдың ортасында тастап кетті. Ол кезде мен барлық процесті бастап қойған едім. Кемінде 200 мың доллар жұмсап қойған едік”, – деді продюсер.
Баян Алагөзованы ең қатты Мөлдір Әуелбекованың концерт процесі жүріп жатқан кезде біржақты шешім қабылдап, алдын ала жеке хабарлама жазбай, көпшілік алдында концертке қатыспайтынын жариялағаны ренжіткен.
"Топыраққа көміп, үстіне хлор төккен": Алматы облысында көз жұмған жігіттің өлімі туралы жақындары мән-жайын айтты