Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"5 жыл бойы арқадан пышақ сұғып жүрген": Баян Алагөзова Мөлдір Әуелбекова жайлы шындықты жайып салды

Баян Алагөзова мен Мөлдір Әуелбекова
Фото: instagram.com/moldir.auyelbekova

Күні кеше КешYou тобы жайлы деректі фильмнің үшінші бөлімі жарық көрді. Онда танымал продюсер Баян Алагөзова бір кездері қол астында өнер көрсеткен әнші Мөлдір Әуелбекова туралы шындықты жайып салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сұхбат барысында Баян Алагөзова ашуын жасыра алмады. Продюсер Мөлдір Әуелбекованың бұл қылығына мүлде таңғалмағанын айтты.

Мөлдір Әуелбековадан мен дәл осыны 100 пайыз күттім. Ол мені жолдың ортасында тастап кетті. Ол кезде мен барлық процесті бастап қойған едім. Кемінде 200 мың доллар жұмсап қойған едік”, – деді продюсер. 

Баян Алагөзованы ең қатты Мөлдір Әуелбекованың концерт процесі жүріп жатқан кезде біржақты шешім қабылдап, алдын ала жеке хабарлама жазбай, көпшілік алдында концертке қатыспайтынын жариялағаны ренжіткен.

Продюсердің пікірінше, әнші деректі фильмнен кейін ренжіген болуы мүмкін. Себебі фильмде Баян Алагөзова Жанар Дұғалованы ерекше атап өткенін айтты.

“Шынының айт, “Баян, мен деректі фильмнен кейін ренжідім. Сіз мені басты әнші ретінде бөліп көрсетпедіңіз” де. Менің ойымша, ол дәл осыған ренжіді”, – деді ол. 

Баян Алагөзова кейін Мөлдір Әуелбекованың концертке қатысуға қайта келісім бергенін айтты. Бұл мәселеге әнші Мейрамбек Беспаевтың да араласқанын жеткізді. Продюсердің сөзінше, Мейрамбек Беспаев одан Мөлдір туралы “бар шындықты айтпауын” өтінген.

“Маған одан ештеңе керек емес. Мүлде ештеңе керек емес. Егер ол келіп, істеуі керек жұмысын атқарып шықса, мен аузымды жабамын”, – деді Баян Алагөзова. 

Алайда продюсердің айтуынша, Мөлдір Әуелбекова алғашқы репетицияға келмеген. Кейін келген кезде де команда оны ұзақ күткен. Кейінірек команда оның қатыспай қалуы мүмкін екенін ескеріп, қосымша жоспар дайындаған. Продюсер Мөлдір Әуелбекова осы жағдайлардан кейін келген кезінде камерадан бетін жауып, түсірмеуді сұрағанын айтты. Кейін көмекшілерге боянып үлгермегенін айтып, келесі күні түсіруге рұқсат беретінін жеткізген. Бірақ, Баян Алагөзованың сөзінше, келесі күні де дәл осындай жағдай қайталанған.

“Ол қайтадан бетін қолымен жауып, алғыс та айтпайды, “өтінемін” де демейді, сыртқа шығып, көлігіне отырып кетіп қалды”, –  деді ол.

“Баян мені шешіндірді”

Сондай-ақ Баян Алагөзова Мөлдір Әуелбекованың бұрынғы сұхбаттарында “Баян мені шешіндірді” деген мазмұндағы сөздер айтқанын алға тартып, мұнымен келіспейтінін білдірді.

Продюсердің айтуынша, Мөлдір Әуелбекова алғаш рет кастингке келгенде өзі қысқа киіммен келген. Баян Алагөзова ол кезде мұндай киім үлгісі жастар арасында қалыпты болғанын, мұны ерекше мәселе ретінде көрсетудің қажеті жоқ екенін айтты.

“Біріншіден, сен маған кастингке қысқа шортымен келдің. Тіпті шорты емес, джинсы ішкиімге ұқсайтын өте қысқа киіммен және кіндігін ашып тұратын топпен келдің”, – деді продюсер. 

Оның айтуынша, сол кезеңде топтағы қыздар да жасына сай заманауи киінген. Баян Алагөзова Мөлдірдің ашық киімге қатысты кейін айтқан сөздерін “жасандылық” деп бағалады.

“22 жыл бойы KeshYOU тобының бұрынғы солисі”

Сонымен қатар продюсер Мөлдір Әуелбекованың SuperStar жобасы арқылы танылдым деген пікіріне де тоқталды. Оның айтуынша, әнші бұл жобада аз уақыт қана көрінген, ал кәсіби сахналық тәжірибені KeshYOU құрамында жинаған.

“Мөлдір Әуелбекова, сен 22 жыл бойы KeshYOU тобының бұрынғы солисісің. Осыны жақсылап есіңе сақтап ал”, – деді Баян Алагөзова. 

Продюсердің сөзінше, Мөлдір Әуелбекова сахнадағы қыр-сырды, әртістік өмірдің тәртібін және кәсіби ортадағы дағдыларды дәл осы продакшенде үйренген. Ол әншінің шығармашылық қалыптасуына өз командасының әсері болғанын айтты.

“Өтірік ауыра бастады”

Продюсер Мөлдір Әуелбекова оның қол астынан кетіп, кейін жеке әнші ретінде қайта оралғысы келгенін де еске алды. Оның айтуынша, әнші бір кезеңде өзінен кешірім сұрап, жеке шығармашылығына қолдау көрсетуін өтінген.

“Сізден кешірім сұрағым келеді. Менің ештеңем жүрмей жатыр. Шығармашылықта да, жеке өмірімде де жолым болмай тұр. Мені жеке әнші ретінде алыңызшы”, – деп келгенін айтты продюсер. 

Алайда Баян Алагөзова оны жеке әнші ретінде емес, тек KeshYOU құрамына қабылдай алатынын айтқан. Продюсердің сөзінше, осыдан кейін Мөлдір Әуелбекова түрлі сылтау айта бастаған.

Баян Алагөзова Баянауылдағы бір жағдайды да мысалға келтірді. Оның айтуынша, әнші сахнаға шықпау үшін қан қысымы көтерілгенін айтқан, алайда дәрігерлер бұл ақпаратты растамаған.

“Жедел жәрдем келді, дәрігерлер “Оның ешқандай қысымы көтерілмеген” деді”, – деді ол. 

Продюсер әншінің аяқ жарақатына қатысты да күмәнін білдірді. Оның сөзінше, қыздар Мөлдірдің Баянның алдында ақсап жүріп, ал ол жоқ кезде еш қиындықсыз сыртқа шығып жүргенін айтқан.

Баян Алагөзова мұндай жағдайлардан кейін Мөлдір Әуелбековамен жұмыс істеуді тоқтату туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

“Мөлдір, біз сенімен қоштасамыз. Мен мұндай тұрақсыз әншімен жұмыс істей алмаймын”, – деді продюсер. 

“Арқадан пышақ сұқты”

Баян Алагөзова сіңлісі әрі продюсер Бағым Мұхитденоваға қатысты жағдайға да тоқталды. Оның айтуынша, Мөлдір Әуелбекова ұзақ жылдар бойы Бағым Мұхитденовамен жақын араласқан, оның үйінде болған, бірақ кейін оған да ауыр моральдық соққы жасаған.

Бес жыл бойы өз ұстазының арқасынан пышақ сұғып, бетіне күліп қарап жүрді “Бағым, Бағоля” деп. Оның бешбармағын жеді, лағманын жеді, үйінде тұрды, тіпті оның үйіне тіркелді. Осы жылдардың бәрінде оның арқасынан пышақ сұғып келді”, – деді ол.

Продюсер Мөлдір Әуелбекова бір кезде өзінен кешірім сұрап келгенде, оны Бағым Мұхитденовадан кешірім сұрауға жібергенін айтты. Өйткені, продюсердің сөзінше, Бағым Мұхитденова Мөлдірдің сатқындығынан кейін ұзақ уақыт бойы жан жарасын жазуға тырысқан.

Ол Бағым Мұхитденоваға барды. Бағым онымен ұзақ уақыт араласты, бәлкім, кешірген де шығар. Бірақ, менің білуімше, бұл жара оның ішінде әлі күнге дейін бар. Ол әлі күнге дейін, 15 жыл бойы емделіп келеді. Жақында Түркияға бардық, оған тағы да жан жарасына қатысты дәрілер жазып берді”, – деді ол.

Мән-жайы

Еске салайық, бұған дейін Мөлдір Әуелбекова КешYou-дың концертіне қатыспайтынын мәлімдегені хабарланған еді. Өнер иесі бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның сөзінше, концерт өзісіз де жоғары деңгейде өтеді. Ол, осылайша, өнер жолындағы үлкен бір тараудың бетін жабатынын жеткізді.

“Кешьюдың концертіне қатыспау туралы шешім қабылдадым. Менсіз-ақ, алтын құраммен керемет кеш өтетініне сенімдімін. Осылайша, өнер жолымдағы үлкен бір кезеңнің бетін өзім үшін жабамын”, – деп жазды ол.

Биыл әншінің өнер жолына түскеніне 22 жыл толады. Ол осы уақыт аралығында тек сахнада емес, түрлі салада қызмет атқарғанын алға тартты.

“Дегенмен, осы 22 жыл ішінде мен Мөлдір Әуелбекова деген атты қалыптастырып, түрлі кезеңдерден өттім: сахнада да, әртүрлі лауазымдарда да қызмет атқарып, бизнеспен айналысып, кей сәттерде өнерден алыстап, кейін қайта оралуға да үлгердім”, – деп жазды ол.

Балнұр Рахматуллақызы
Сенбі, 23 Мамыр, 2026 20:10