Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар енді зейнетке өз жинағымен емес, жұмыс беруші аударымдары арқылы да шығады

зейнеткерФото: Stan.kz

Қазақстанда жұмыс істейтін азаматтар үшін жаңа мүмкіндік пайда болды. Енді зейнетақыға қосымша ақша жұмыс беруші есебінен жиналады. Жаңа талап қызметкердің жалақысын азайтпайды, бірақ болашақтағы табысын арттырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстанда зейнетақы жүйесіне жаңа өзгеріс енгізілді. Енді жұмыс берушілер қызметкерлері үшін қосымша зейнетақы жарнасын төлейді. Бұл қызметкердің өз қалтасынан шықпайтын, бірақ оның болашағына жұмыс істейтін ақша.

Яғни, бұрын зейнетақы екі көзден (мемлекет және жеке жинақ) қалыптасса, енді үшінші көз пайда болды, ол жұмыс берушінің аударымы.

Жүйе, әсіресе, 1975 жылдан кейін туған адамдар үшін маңызды. Себебі олардың болашақ зейнетақысы қаншалықты тұрақты аударым жасалғанына байланысты болады.

2026 жылы жұмыс беруші әр қызметкер үшін оның табысының 3,5%-ын аударады. Ал 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш 5%-ға дейін өседі.

Қазірдің өзінде жүйе жұмыс істеп тұр. 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін 5,8 миллион қазақстандыққа осындай қосымша зейнетақы жинақтала бастаған. Жыл басынан бері бұл мақсатқа 951 миллиард теңге аударылған.

Маңыздысы, өзгеріс жұмыс берушілерге де ауыр салмақ салмайды. Себебі олар төлеген жарналарды салықтан шегере алады.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық әйел өзінің болашақ зейнетақысын есептеткізіп, көңілі қалғаны туралы жазған едік. Қаржы сарапшысы Гүлнар Әмірғалидің есебі бойынша, айына 350 мың теңге табыс табатын, 19 жыл еңбек өтілі бар азаматша 2050 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан небәрі 73 мың теңге шамасында төлем алуы мүмкін. Маманның айтуынша, мұндай төмен көрсеткіш зейнетақы жүйесіндегі негізгі мәселені, яғни жарналардың аздығын көрсетеді. Қазір қызметкерлер жалақысының тек 10%-ын аударады, болашақта лайықты зейнетақы алуға жеткіліксіз деп еді. Сарапшы қазақстандықтарға тек міндетті зейнетақыға сенбей, қосымша табыс көздерін қарастыру қажет екенін ескертті.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 15 Сәуір, 2026 12:37