Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтардың сатып алған медициналық чектерінде енді ЖСН-і көрсетіліп тұрады

Фото: Ester Vaitmaa

Қазақстанда медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмекке төлем жасағанда берілетін чектерде енді науқастың жеке сандық номері (ЖСН-і) көрсетілуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қаржы министрлігі ұсынған жаңа жоба бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауды күшейтіп, есептің ашықтығын арттыруды көздейді. Қазақстанда медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмек ақысын төлеу кезінде берілетін чектерде пациенттің ЖСН-ін (ИИН) көрсету жоспарланып отыр.

Қаржы министрлігі тиісті түзетулер жобасын "Ашық НҚА" порталында жариялады. Құжатқа сәйкес, кассалық чектерде пациенттің ЖСН-ін міндетті түрде көрсету ұсынылады.

Ведомствоның мәліметінше, мұндай шара Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылауға, есеп айырысулардың ашықтығын арттыруға және көлеңкелі экономиканы азайтуға мүмкіндік береді.

Жаңа механизм арқылы төлемдер туралы мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйесімен салыстырып, бюджет қаражатының қалай пайдаланылып жатқанын бақылау көзделген.

Жоба 29 сәуірге дейін қоғамдық талқылауда болады. Бұған дейін қор жүргізген тексеріс барысында қаржының пациенттерге толық жетпейтіні және есеп жүйесінің бытыраңқы екені анықталған. Осыған байланысты бақылау күшейтіліп, цифрлық антифрод жүйелері мен жасанды интеллект элементтері енгізілген.

Еске салайық, бұған дейін МӘМС жүйесіндегі аудит нәтижесінде миллиардтаған теңгеге заңбұзушылықтар анықталып, жүздеген мың ер адамға гинекологиялық тексерулер жүргізілді деген деректер қоғамда қызу талқыланған еді. Ішкі істер министрлігі ЖСН-дегі қате туралы нұсқаны жоққа шығарып, жауапкершілік медициналық ұйымдар мен ақпараттық жүйелерге жүктелетінін мәлімдеді.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 15 Сәуір, 2026 11:44