Air Astana және FlyArystan жанармай туралы жалған мәлімет бергені үшін айыппұл төледі

Қазақстанда әуе отынына қатысты деректерді бұрмалағаны үшін ірі авиакомпаниялар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Көлік министрлігінің мәліметінше, әуе отынымен қамтамасыз ету мәселелері бойынша жүргізілген тексеру барысында Air Astana АҚ мен FlyArystan АҚ тарапынан авиаотын көлеміне қатысты бұрмаланған ақпарат ұсынылғаны анықталған.
Осыған байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес аталған авиакомпанияларға әкімшілік шаралар қолданылды.
Осылайша, әр компанияға 100 айлық есептік көрсеткіш (432 500 теңге) көлемінде айыппұл салынды.
Министрлік өкілдері мұндай бақылау шаралары авиация саласындағы ашықтықты қамтамасыз ету және отын ресурстарын тиімді басқару мақсатында жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстандағы бірқатар ірі әуежайлардың заңбұзушылықтары туралы материал әзірлеген едік. Онда әуежайлардың авиаотын бағасын негізсіз көтеріп, нарықтағы үстем жағдайын теріс пайдаланғаны, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі талаптарын және мемлекеттік органдардың нұсқамаларын орындамағаны үшін миллиондаған айыппұл арқалағаны айтылған. Әуежайлардың қатарында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай халықаралық әуежайы – 8,4 млн теңге айыппұл және 8,1 млн теңге монополиялық табысты қайтару, Әзірет Сұлтан атындағы Түркістан халықаралық әуежайы – 14,3 млн теңге айыппұл, Қорқыт Ата әуежайы – 7,3 млн теңге айыппұл және 2,5 млн теңге табысты өндіріп алу, Семей халықаралық әуежайы – 8,8 млн теңге айыппұл және 8,5 млн теңге табысты қайтару, сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы – 1,9 млн теңге айыппұл салынғаны көрсетілген.
"Өлтіруге болатынын балаларға көрсетуге болмайды": Аружан Саин бұралқы иттерді жоюға қарсы шықты
Оқыңыз