Білікті жастарды қолдайтын қор, студенттерге арналған тегін білім: KazGASA болашақ мамандарды қалай даярлап жатыр

13-15 сәуір аралығында KazGASA өзінің 45 жылдық мерейтойын атап өтті. Осыған орай Stan.kz тілшісі мерейтой аясындағы іс-шараларға қатысып, қазіргі экономика, мемлекеттік саясат және жаһандық технологиялық трендтер сұранысына жауап беретін инженерлік білім берудің заманауи моделі қалай қалыптасып жатқанын көріп қайтты.
Бүгінде академия кешенді түрде дамып келеді. Мекеме академиялық сапаны, цифрлық технологияларды, халықаралық ынтымақтастықты және индустриямен терең интеграцияны біріктіреді. Мұндай тәсіл тек сұранысқа ие мамандарды даярлауға емес, сонымен қатар Қазақстанның құрылыс саласындағы жаңа кәсіби бағытын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
KazGASA мерейтойына Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те қатысты.

“45 жылда құрылыс саласының қара шаңырағы – KazGASA ең үздік жоғары білім ордасына айналды. Біздің бас әдістемелік қауымдастықта дизайн, құрылыс ісі мен сәулет ісі секілді негізгі мамандықтар осы академия негізінде пысықталады. Сәулет пен құрылыс – ел дамуының стратегиялық бағыттарының бірі. Қазіргі таңда бұл сала жасанды интеллект, BIM технологиялары, робототехника, 3D басып шығару, smart city және green technology сияқты жаңа үрдістермен қарқынды дамып келеді. Осы өзгерістер білім беру жүйесінде де көрініс тауып, университеттің оқу бағдарламаларына заманауи цифрлық шешімдер енгізілуде. Сондықтан біздің тараптан да KazGASA-ға академиялық тұрғыдан толық еркіндік беріліп отыр", – деп атап өтті.
Аталған үрдістердің барлығы KazGASA-да қазірдің өзінде білім беру процесіне енгізілген. Академия мемлекеттік деңгейде қалыптасып жатқан жаңа тәсілдерді іс жүзінде жүзеге асырып, білім беру бағдарламаларын жүйелі түрде жаңартып келеді. Негізгі басымдық тәжірибеге бағытталған оқытуға, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізуге және жаңа инженерлік құзыреттерді дамытуға берілген.

"Мен үшін білім – өмір бойы айналысатын миссия. Соңғы жылдары біз университеттің дамуына 20 миллиард теңгеден астам инвестиция құйдық және бұл жұмысты жалғастырамыз. Бірнеше жылда 50 мың шаршы метрден астам аумақты қайта жаңғырттық. Мұның барлығы жастарға заманауи білім қолжетімді болуы үшін жасалады. Айта кетері, биылдан бастап Әмірлан Құсайынов атындағы қор құрылды. Қор білікті жастарға инвестиция жасауға бағытталған", – деп атап өтті Халықаралық білім беру корпорациясы Бақылау кеңесінің төрағасы Айғазы Құсайынов.
Тәжірибеге бағытталған дайындыққа ерекше көңіл бөлінеді. KazGASA-да FabLab және дрондар зертханасы жұмыс істейді, онда студенттер жобалау, мониторинг және құрылыс процестерін басқарудың заманауи құралдарын меңгереді. Академия бұл құзыреттерді индустрия мамандарын оқыту арқылы кеңейтуде, сондай-ақ әкімдіктерге сәулеттік және қала құрылысы жобаларын тегін әзірлеуді ұсына отырып, әлеуметтік маңызы бар бастамаларды іске асыруда.
"Біздің міндетіміз – бүгін де, болашақта да еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау. Академияның жаңа даму стратегиясы аясында білім беру бағдарламаларын қайта құру, кампус салу және халықаралық әріптестікті дамыту – барлығы оқу мен кәсіби орта арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған", – деді KazGASA ректоры Бахтияр Сабденалиев.

Құрылыс саласын трансформациялаудың негізгі факторларының бірі – BIM-технологияларды ұлттық деңгейде енгізу. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бұйрығына сәйкес, BIM-модельдеу кезең-кезеңімен мектептер, әуежайлар, тоннельдер, көпірлер және басқа да ірі инфрақұрылымдық нысандар үшін міндетті талапқа айналады.
KazGASA осы талаптарға сәйкес білім беру үдерістерін құрып, студенттерде объектінің өмірлік циклінің барлық кезеңдерінде - жобалаудан бастап пайдалануға дейін – бірыңғай цифрлық ортада жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруда. Бұл елдің инфрақұрылымдық дамуының сапасын, тиімділігін және қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.

Академия инфрақұрылымының дамуы жаңа деңгейге көтерілуде. 2025 жылы заманауи жатақхана пайдалануға берілді, ал келесі кезеңде Academic City – оқу және зерттеу кеңістіктерін, коворкинг аймақтарын және оқытушыларға арналған тұрғын ортаны біріктіретін жаңа буындағы ауқымды кампус іске асырылмақ. Бұл жоба білім беру, ғылым және күнделікті өмір біртұтас кеңістікке біріктірілген толыққанды экожүйе қалыптастырады.
KazGASA сондай-ақ 2026-2028 жылдарға арналған ЮНЕСКО және ИСЕСКО аясындағы мәдени мұраны сақтау жөніндегі кешенді жоспарды іске асыруға қатысуда. Академия профильдік мамандарды даярлауды және жобалық шешімдерді әзірлеуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, KazGASA - Қазақстанда сәулет және қала құрылысы саласында тарихи-мәдени мұраны сақтау бойынша мамандандырылған білім беру бағдарламасын жүзеге асыратын жалғыз жоғары оқу орны.

Халықаралық бағыт академия дамуының негізгі факторларының бірі болып қала береді. KazGASA 30 елден 100-ден астам университетті біріктіретін BRAUIC консорциумына кіреді, қос дипломды бағдарламаларды іске асырады және студенттердің академиялық ұтқырлығын кеңейтуде. Бұл түлектерге халықаралық мансапқа жол ашып, Қазақстанның жаһандық білім беру кеңістігіне интеграциясын күшейтеді.
Инженерлік кадрларға сұраныстың артуы аясында мемлекет құрылыс және техникалық бағыттар бойынша білім беру гранттарының санын жыл сайын ұлғайтып келеді. KazGASA профильдік және жүйеқұраушы жоғары оқу орны ретінде жаңа буын мамандарын даярлау жауапкершілігін өз мойнына алады.
Таңдалған модельдің тиімділігі нақты нәтижелермен расталады: академия "Атамекен" ҰКП рейтингінде жетекші орындарды иеленеді, ал QS Stars халықаралық агенттігі білім беру бағдарламаларының даму деңгейін жоғары бағалап, оларды Қазақстандағы үздіктердің қатарына қосты.
45 жылдық мерейтойы қарсаңында KazGASA тек қорытынды жасап қана қоймай, Қазақстанның жаңа инженерлік мектебін қалыптастырудағы негізгі орталықтардың бірі ретіндегі мәртебесін нығайтуда бұл – білім, технология және тәжірибе бірігіп, болашақ қалалар мен инфрақұрылымды қалыптастыратын кеңістік.
"Жүрегіне салынған имплант түсіп кеткен": Алматыда сәтсіз отаның кесірінен 20 жастағы жігіт жансақтау бөліміне түскен