350 мың қазақстандықтың берешегі жеке сот орындаушылардың қарауына өткен

Қазақстанда шамамен 350 мың қарыз алушының берешегі жеке сот орындаушылардың қарауына өткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұны Мәжіліс кулуарында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы жылдары бұл көрсеткіш екі есеге азайған.
“Екі жыл бұрын проблемалық несиелерді коллекторларға сатуға тыйым салынған. Соның нәтижесінде коллекторлық агенттіктер балансындағы проблемалық қарыз алушылар саны айтарлықтай қысқарған. Бұрын бұл көрсеткіш 700 мың адамға дейін жеткен еді. Қазір ол 350 мың адамға азайған”, – дейді төраға.
Сонымен қатар агенттік коллекторлардың борышкерлермен жұмыс істеу тәртібін де күшейткен.
“Енді олар қарыз алушыларға тек белгіленген күндері ғана хабарласа алады. Аптасына үш реттен артық мазалауға болмайды. Әрбір сөйлесу міндетті түрде аудиожазбаға жазылуы тиіс. Коллекторлар демалыс күндері хабарласады деген шағымдар көп түседі. Осыған байланысты байланыс уақыты нақты белгіленді”, – деді Әбілқасымова.
ОқыңызЗаңбұзушылық анықталған жағдайда коллекторлық агенттіктерге айыппұл салынады. Бұдан бөлек, агенттік олардың басшыларын қызметінен шеттете алады немесе ұйымды коллекторлық агенттіктер тізілімінен толық шығару құқығына ие.
Қазір Қазақстанда шамамен 190 коллекторлық агенттік жұмыс істейді. Агенттік басшысы мұндай қарыз өндіріп алу институты әлемнің барлық елінде бар екенін айтты. Оны толық жабу мүмкін емес екенін жеткізді.
Сонымен қатар Әбілқасымова тауарлар мен қызметтерді бөліп төлеу нарығына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл тетікті реттеу үшін Қазақстанда жаңа шектеулер енгізу жоспарланып отыр.
“Бөліп төлеу нарығын реттеу бойынша жаңа заң әзірлеуді немесе заңнамаға түзетулер енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл қаржы ұйымдары емес, маркетплейстер немесе сауда үйлері ұсынатын, бірақ барлық белгілері бойынша несиелік өнімге жататын бөліп төлеуге қатысты”, – деді Әбілқасымова.
Оның айтуынша, Ұлттық банк бұл шараны 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізуді жоспарлап отыр.
“Әрбір қарыз алушы иелене алатын ең жоғары берешек сомасына нақты ақшалай шек белгіленеді”, – деді төраға.
Айта кетейік, бұған дейін Енді елімізде тұтынушылық несие мен бөліп төлеуге шектеу енгізілетіні туралы толығырақ жазған едік.
“Қазақ тілінің арқасында кәріс тілін үйрендім”: Желіде қазақша сөйлеген кәріс азаматы жұрттың ықыласына бөленді