Ақтөбе маңындағы тасжолда үш балалы отбасы ғажайыппен аман қалды

Ақтөбе облысында бір отбасы қауіпті апаттан аман қалды. Екі жолақты жолдан үш көлік қатар өтті. Оқиға куәгерлері Stan.kz тілшісіне мән-жайды баяндап берді.
Оқыс жағдай 11 сәуір күні кешкі сағат 19:20 шамасында Әйтеке би ауданы Белқопа ауылы маңында болды.
Екі жолақты трассада келе жатқан “Kia Cerato” автокөлігі қарсы бағытқа шыққан жүк көлігімен бетпе-бет келді. 37 жастағы Қанат Бекжанов қауіпті сәтте көлікті дәл бағыттап, жүк көліктерінің ортасынан отбасын аман алып шықты. Ол – Ақтөбе қаласындағы зауыттардың бірінде қарапайым қызметкер.
“Алланың қалауымен аман қалдық. Қорқуға уақыт болмады. Жанымда 11, 7 және 3 жастағы ұлдарым, келіншегім болды. Қазір барлық әзілді жылы қабылдаймын. “Қанатты” да. Ол жерде бірінші өз жолыммен тура жүрдім. Алдымдағы көлік реакция бермеді. Қарсы бағыттағы көлік жол берді. Сол ортамен өтіп кеттім”, – деді ол.
Оқиға сәті көлікке орнатылған камераға түсіп қалған. Видеода қауіпті жағдай анық көрінеді. Қауіпті сәтте көлікті дәл бағыттап, екі камаздың ортасынан өтіп кетті.
Жұбайы Назгүл жүк көлігімен бетпе-бет келген сәтті еске түсірудің қиын екенін жасырмады. Ол Ақтөбе қаласындағы № 50 мектеп мұғалімі.
“Сол күні төркінімнен, Әйтеке би ауданынан қонақасынан келе жаттық. Қазір барлық желіге біздің видеомыз шығып жатыр. Біз тек адамдардың жазған пікірлерін оқып отырмыз. Видеоларды қайталап көру қиын. Сол сәтте уақыт тоқтап қалғандай болды. Бәрі бітті деп ойладым. Жолдасымның басқа амалы болмады. Екі камаздың біріне соғыламыз деп келе жаттым. Ондай кезде адам ештеңе ойлай алмай қалады екен. Жолдасым көлікті өзіне қарай оң жаққа және ортаға бұрды. Видеода менің “Қорқып кеткен жоқсың ба?” деген сөзім естіледі. Бірақ мен олай сұрағанымды білмеймін. Шок жағдайда болдым. Жолдың қарсы бетіне шыққан КАМАЗ-дың номері камераға түсті деп ойладық. Ол бізге қауіп төндірді. Мұндай жағдайды келесіде де қайталануы мүмкін. Сондықтан желіге салдық. Одан кейін бізге полиция хабарласты, қолымызда бар мәліметті бердік. Жолдасымның көлік жүргізу шеберлігін осыған дейін де байқайтынмын. Ол үлкен жылдамдықпен жүрмейді. Әрдайым сақ. Видеода қандай, өмірде де сондай адам”, – деді Назгүл Бекжанова.
Олардың отасқанына 12 жыл болған, үш ұл тәрбиелеп отыр.
Ақтөбе облысының полиция департаменті жол ережесін бұзған шетелдік көлік иесінің анықталғанын хабарлады.
“Жүргізуші жауапкершілікке тартылады. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын және жүргізушінің жеке басын анықтауға бағытталған тексеру іс-шаралары жүргізіліп жатыр”, – деп хабарлады Ақтөбе облысы ПД.
ОқыңызПолиция департаменті барлық жол қозғалысына қатысушыларды Жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға, жолда мұқият әрі өзара құрметті болуға шақырады.
"Жүрегіне салынған имплант түсіп кеткен": Алматыда сәтсіз отаның кесірінен 20 жастағы жігіт жансақтау бөліміне түскен