Қазақстандық ата-аналар оқушылардың мектепте тамақ ішкен-ішпегенін Egov арқылы тексере алады
Енді ата-аналар оқушылардың мектепте тамақ ішкен-ішпегенін Egov арқылы тексере алады. Ал мемлекет бұдан былай білім ошағындағы тегін асқа ақша бөле бермейді. Оқушының тамақтанғаны расталған жағдайда ғана кәсіпкердің шығынын өтейді. Сәйкесінше асханаға кірмеген оқушыға қаражат та бөлінбейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бүгінде аз қамтылған отбасыдан шыққан оқушылардан бөлек, 1-4 сынып аралығындағы барлық бала мектепте тегін тамақтануға құқылы. Ол үшін бюджеттен арнайы қаражат та бөлінеді. Мысалы класста 20 адам болса, соның бәріне ыстық тамаққа деп ақша есептелетін. Бірақ енді бала мектепте болмаған немесе тамақтанбаған жағдайда оның асының ақысы өтелмейді. Ал оқушының мектепте расында асханаға кірген-кірмегенін ата-аналар Egov арқылы біліп отырады.

“Биылдан бастап мектептердің тамақтану қызметіне ақы төлеу тек расталған деректер негізінде жүргізіледі. 1 қыркүйекке дейін тиісті тізімдерді қалыптастырып, дайындық жұмыстарын қамтамасыз ету қажет”, – деді Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин.
Ата-ана баласының асты ішкен-ішпегенін Egov мобайл қосымшасындағы "Қызметтер" бөліміндегі "Әлеуметтік әмиянның" "Ыстық тамақ" деген ұяшығынан көре алады. Ал оқушының тамақтанғанын растау үшін мектеп асханаларында бала QR-код немесе карта, Face ID немесе басқа сәйкестендіру тәсілдерінің бірі арқылы тіркеледі. Осылайша жүйе тамақ берілгенін растап, ата-анаға ақпарат жетеді.
Халықтың бірі бұл бастаманы құптаса, енді бірі көз жеткізу үшін мұны жеткіліксіз деп санайды. Министрліктің хабарлауынша, өткен оқу жылында "Әлеуметтік әмиян" жүйесі арқылы оқушыларға 149 миллион теңгеге ыстық тамақ берілген. Ал цифрлық ваучер қызметін 1 жарым миллионнан астам ата-ана іске қосып үлгеріпті. Енді қыркүйектен бастап мектептегі тегін асқа қатысты бақылау әдісі барлық білім ошағында қолға алынуы тиіс.
Кинотеатр дәретханасына бармақ болған қазақстандықты билеті болмағаны үшін ішке кіргізбей қойған: Бұл заңды ма?