Қазақстандағы сел мен көшкін қаупі: Бектенов әкімдер мен министрлерге бірқатар тапсырма берді

Премьер-министр Олжас Бектенов сел және көшкін қаупі жарияланған өңірлердің әкімдеріне эвакуациялық пункттерді әзірлеуді тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бектенов төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің, экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұрлан Алдамжаровтың, сондай-ақ бірқатар өңір әкімдерінің қауіпті гидрологиялық құбылыстарға байланысты ел аумағындағы ахуал туралы есептерін тыңдады.
Үкімет мәліметінше, ТЖМ-ның республикалық жедел штабы мен өңірлік штабтары тәулік бойы жұмыс істеуде.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Алматы қаласы мен Алматы облысының аумағындағы жағдайға қатысты тәулік бойы жұмыс істейтін 12 су бекеті қойылғанын баяндады.
“Ақсай бөгетінде қорғаныш үйіндісін ұлғайту, құрылысты инертті материалдармен нығайту жұмыстары және үздіксіз бақылау жүргізілуде. Қарасай ауданы Жаңатұрмыс ауылындағы жағдай қадағалауда. Барлық апаттық-қалпына келтіру жұмыстары ұйымдастырылған, жағалауды нығайту және өзен арналарын тазарту жұмыстары жүргізілуде. "Қазселденқорғау" бекеттері тұрақты мониторинг пен бақылауды қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі уақытта су деңгейі қалыпты жағдайда”, – делінген үкімет хабарламасында.
Маңғыстау облысында ТЖМ әкімдікпен бірлесіп, су айдау және су басу салдарын жою жұмыстары жалғасуда. Қажетті күштер мен құралдар жедел жағдайдың кез келген өзгерісіне жедел ден қоюға дайын.
ОқыңызҚазгидрометтің мәліметінше, алдағы күндері еліміздің барлық аумағында жауын-шашын мол болады деп болжануда. Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарында нөсер жаңбыр жауады деп күтілуде.
Осыған байланысты премьер-министр Олжас Бектенов бірқатар тапсырма берді:
- өңір әкімдіктері ТЖМ-мен бірлесіп, адамдардың қауіпсіздігін және елді мекендердің инфрақұрылымын қамтамасыз ету жөнінде тиісті шаралар қабылдасын;
- жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдарының дайындығын қамтамасыз ету, оның ішінде эвакуациялау пункттерін, қажетті көлікті дайындау және халықты эвакуациялау жағдайларына ден қою жоспарларын жаңарту;
- сел қаупі бар өңірлердің әкімдіктері мұздақ көлдердің жай-күйін ерекше бақылауда ұстасын, оның ішінде олардың уақтылы босатылуын қамтамасыз етсін, сондай-ақ селді сақтайтын құрылыстардың дайындығын тексерсін;
- Экология министрлігіне гидробекеттерде күнделікті бақылау жүргізуді және ауа райы болжамына тұрақты мониторинг жасауды қамтамасыз ету, ауа райы нашарлаған жағдайда дауылды ескертулерді мүдделі мемлекеттік органдарға жедел жеткізу.
- Су ресурстары министрлігіне гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін тұрақты бақылауда ұстау, трансшекаралық өзендердегі су шығыны мен туындауы мүмкін қауіптер туралы ақпаратпен үздіксіз өзара алмасуды ұйымдастыру.
- Төтенше жағдайлар министрлігіне қолайсыз гидрологиялық құбылыстар жағдайында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша алдын алу жұмыстарын жалғастыру.
"Алматы, Маңғыстау облыстарының және Алматы қаласының әкімдіктері қалыптасып отырған жағдайды ерекше бақылауда ұстасын. Төтенше жағдайлардың салдарын жою бойынша жедел шаралар қабылдасын", – деді Олжас Бектенов.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда Наурызбай ауданының тұрғындары сел қаупіне байланысты эвакуацияланып жатқаны туралы жазған едік. Артында Алматыдағы "Алтын Орда" базары аумағында Ақсай өзені арнасынан асып, дүкендерді су басты. Сонымен қатар "Түргенсай" демалыс аймағынанда көпір, жолдар мен киіз үйлерді су басып, туристер эвакуацияланды.
"Болашақ ойындары – 2026": Ауқымды сайыста Қазақстан намысын кімдер қорғайды