Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

12,4 миллиард теңгеге жөнделген: Үлкен Алматы өзені арнасындағы гранит плиталар селге шыдамай қирап қалған

пікір
Фото: Threads скрин

12,4 миллиард теңгеге қайта жөнделген Үлкен Алматы өзенінің арнасы селге шыдамады. Тасқыннан кейін нысанның сапасына қатысты сын күшейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өңір тұрғындары не дейді?

Желіде Үлкен Алматы өзені арнасында түсірілген видео тарады. Кадрдан су толған арна мен гранит плиталардың жылжып кеткенін көруге болады. 

“Павлодар өзен порты” АҚ бюджет қаражатына қайта жаңғыртқан Үлкен Алматы өзенінің арнасы су сынағына төтеп бере алмады. Әлеуметтік желіде тараған кадрдан құрылыс сапасы өте нашар екенін байқауға болады”, – деп жазылған жазбада. 

Алматылықтар Threads желісінде Үлкен Алматы өзені түсірілген фото-видеоларды жариялады. 

“Үлкен Алматы өзені су сынағына төтеп бере алмады”, – делінген жазбалардың бірінде.

пікір
Фото: Threads скрин

Желі қолданушыларының бірі бұл жағдайға қатысты былтыр айтылған сынды еске салды.

“Санжар Боқаевтың былтыр айтқан сыны бекер болмаған сияқты. Ол Үлкен Алматы өзенін қайта жаңғырту жұмыстарының сапасына күмән келтіріп, кейбір гранит плиталарын сол кезде-ақ оңай қозғауға болатынын айтқан еді. Міне, сол гранит плиталар селге шыдамады” – деп жазды бірі. 

пікір
Фото: Threads скрин

Алматы әкімдігі мән-жайды айтты

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінен мән-жайды сұрады.

Әкімдік мәліметінше, 1 шілдеде ауа температурасының күрт көтерілуі мен нөсер жауын салдарынан Үлкен Алматы өзеніндегі су деңгейі күрт көтерілген. Салдарынан Торайғыров көшесінен төмен орналасқан аумақта бұрыннан бар гранит қаптамасының кейбір бөліктері орнынан жылжыған.

“Қазір мердігер ұйым гранит қаптамаларын анкерлік бекіткіштермен нығайтып жатыр. Ығысқан гранит плиталары жоба аясында жаңадан орнатылмаған, олар бұрыннан бар конструкциялар”, – делінген хабарламада. 

Оған қоса әкімдік Үлкен Алматы өзенін қайта жаңғырту жұмыстары әлі аяқталмағанын айтты. Нысан әлі пайдалануға берілмеген және тапсырыс беруші қабылдап алмаған.

“Сондықтан құрылыс жұмыстарының сапасына, нысанның сақталуына және анықталған кемшіліктерді жоюға мердігер ұйым жауапты. Жоба толық аяқталып, нысан пайдалануға берілген соң мердігерге 3 жылдық кепілдік міндеттеме жүктеледі. Мердігер осы уақыт ішінде өз кінәсінен болған барлық ақауды өз есебінен жөндеуге міндетті”, – делінген әкімдік хабарламасында.

Бұған дейін дау болған гранит плиталар

Айта кетейік, бұған дейін Үлкен Алматы өзенін қайта жаңғырту жұмыстары қоғамның қызу талқысына түскен еді. 2025 жылдың қараша айында алматылықтар өзен жағалауындағы гранит плиталардың орнына бетон плиталар төселіп, олардың гранитке ұқсатып боялғанын айтып,желіде наразылық білдірген. 

Алғаш болып бұл мәселеге Дамир Глямшин есімді тұрғын назар салған. Ол мердігерлердің бетон плиталарды гранитке ұқсату үшін бояп жатқан сәтін суретке түсіріп алған. Ал Threads әлеуметтік желіде тағы бір алматылық Үлкен Алматы өзенінің жағалауынан түсірілген фото-видеоларды жариялап, бұрынғы табиғи граниттің орнына бетон қолданылғанын сынға алған.

Бұған жауап ретінде Алматы қаласының әкімдігі граниттен техникалық-экономикалық себептерге байланысты бас тартылғанын, оның орнына арнайы қорғаныш жабыны бар бетон қолданылғанын мәлімдеген. Оған қоса сол кезде жоба әлі аяқталмағаны айтылды.

Үлкен Алматы өзенін қайта жаңғырту жұмыстарын “Павлодар өзен порты” АҚ жүзеге асырады. Бұл компания бұған дейін Сайран көлін қайта жаңғырту жобасын мерзімінде аяқтамағаны үшін сот шешімімен айыппұл төлеуге міндеттелген еді.

“Павлодар өзен порты” компаниясы туралы не белгілі?

Соңғы уақытта Алматыдағы бірнеше ірі инфрақұрылымдық жобаға жауапты мердігер ретінде “Павлодар өзен порты” АҚ-ның атауы жиі аталып жүр. Компания қаланың өзен арналары мен су нысандарын қайта жаңғыртуға қатысты ондаған миллиард теңгенің мемлекеттік тапсырысын жеңіп алған.

Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметке сәйкес, 2023 жылдан бері компания Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасымен бірнеше ірі келісімшарт жасаған. Олардың қатарында:

  • Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналын күрделі жөндеу;
  • Үлкен Алматы өзенінің арнасын қайта жаңғырту;
  • Сайран су қоймасының жағалауын абаттандыру;
  • Қарғалы өзенінің жекелеген учаскелерін реконструкциялау жобалары бар.

Сонымен қатар компания Алматы қаласының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасымен Батыс кәріз коллекторын салу жөнінде де келісімшартқа отырған. Бұл жобаның бағасы 36,3 миллиард теңгеден асады.

Сайран су қоймасын қайта жаңғырту жобасы бойынша алғашқы келісімшарт 2023 жылдың желтоқсанында шамамен 12 миллиард теңгеге жасалған. Кейін оған бірнеше рет өзгеріс енгізіліп, қосымша келісімдер жасалған.

Ал Сайран көліне құятын Үлкен Алматы каналының жағалауын қайта жаңғыртуға шамамен 8 миллиард теңге бөлінген. Бастапқы жоспар бойынша жұмыстар 2025 жылдың қыркүйегінде аяқталуы тиіс болған. Десе де кейін мерзімі ұзартылып, 2026 жылдың наурызына шегерілген.

Биыл компания тағы бір ірі жобаны қолға алып, Жандосов көшесінен Рысқұлов даңғылына дейінгі Қарғалы өзенінің жекелеген учаскелерін қайта жаңғыртуға қатысты шамамен 6,8 миллиард теңгенің келісімшартына ие болды.

Ашық деректерге қарасақ, аталған жобалардың бірқатары әлі толық аяқталмаған. Соған қарамастан компания Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналын гидротехникалық құрылыстарымен бірге күрделі жөндеу бойынша тағы 12,1 миллиард теңгеден астам сомаға келісімшарт жасаған.

Мемлекеттік сатып алулар порталындағы мәліметтерге сәйкес, барлық конкурс рейтингтік-балдық жүйе арқылы өткізілген.

Компания Алматыда ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінде де мемлекеттік жобаларды жүзеге асырып келеді. Ашық ақпарат көздерінде оның Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарындағы инфрақұрылымдық жобаларға қатысқаны туралы мәліметтер бар.

Kompra.kz порталындағы ақпаратқа сәйкес, “Павлодар өзен порты” АҚ мемлекеттік сатып алу жүйесінде жалпы бағасы 1,6 триллион теңгеден асатын 140-тан астам келісімшарт жасаған.

Компанияның негізгі құрылтайшысы – “Сан” ЖШС. Серіктестіктің басшысы – Зүльфия Пшембаева. Құрылтайшылары ретінде Қанат Сыздықов пен Долорес Пшембаева көрсетілген.

Ашық деректерге сәйкес, Долорес Пшембаева – мәжілістің бұрынғы депутаты, президенттің экс штаттан тыс кеңесшісі Мейрам Пшембаевтың қызы. Ал Мереке Пшембаев бұрын төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр қызметін атқарған.

Сонымен қатар бұрын Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Тілеубек Нұрсейітов те компанияны басқарғаны туралы ақпарат бар.

Салық төлемдері жөніндегі ашық мәліметтерге сүйенсек, компания қызметінің көлемі 2020 жылдан кейін айтарлықтай өскен.

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 03 Шілде, 2026 11:58