Желіде Қазақстанның жаңа төлқұжатының болжамды макеті талқыға түсті: Ішкі істер министрлігі мән-жайды айтты

Әлеуметтік желіде Қазақстанның жаңа төлқұжатының болжамды макеті ретінде ұсынылған суреттер кеңінен талқыланып жатыр. Алайда Ішкі істер министрлігі олардың ресми жобаға қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бәрі неден басталды?
Әлеуметтік желіде Қазақстан азаматының жаңа төлқұжатының макеті делінген суреттер тарала бастады. Бұл көпшіліктің назарын аударып, бірі құжаттың безендірілуін сынаса, енді бірі оны басқа елдердің төлқұжатымен салыстырды. Ал кей қолданушылар жаңа дизайн енгізу бастамасын сынға алды.
Желі қолданушыларының бір бөлігі жарияланған суреттердің стилі Оңтүстік Корея төлқұжатына ұқсайтынын айтты.
Пікір қалдырушылар:
“Бағасы – триллион теңге”, “Ішкі бетін ғана өзгертсе болды, мұқабасы өте керемет”, “Мұқабасы арзан көрінеді”, “Жалықтыратын дизайн екен”, “Шынымды айтсам, өте әдемі шыққан”, “Алтын жиекпен қар барысын қосу керек еді”, “Көлсай мен Қайыңдының суреттері бола ма?” деген пікірлер жазды.
Министрлік не деді?
Ішкі істер министрлігі бұл макеттердің ресми жоба емес екенін мәлімдеді.
“Әлеуметтік желіде тараған эскиз Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары әзірлеген немесе бекіткен ресми жобаға, жұмыс нұсқасына немесе өзге де құжаттарға жатпайды. Бұл материал әзірленіп жатқан жаңа төлқұжат дизайнына ешқандай қатысы жоқ”, – делінген жауапта.
Сонымен қатар министрлік жаңа төлқұжаттың дизайнын әзірлеу жұмыстары шынымен жалғасып жатқанын растады.
“Қазір Қазақстан Республикасы азаматының жаңа төлқұжатының макеті әзірленіп жатыр. Жұмыс аяқталып, соңғы дизайн бекітілген соң белгіленген тәртіппен ресми ақпарат беріледі”, – деді министрлік.
Ведомство қазір жаңа төлқұжаттың эскиздерін немесе макеттерін жариялау мүмкін емес дейді.
“Әзірлеу жұмыстары аяқталмады әрі соңғы дизайн әлі бекітілген жоқ. Сол кебепті жаңа төлқұжаттың эскиздері мен макеттерін ұсыну мүмкін емес”, – делінген министрлік хабарламасында.
Бұған дейін не белгілі болды?
Министрлік жаңа төлқұжаттың дизайны әзірленіп жатқанын бұған дейін де хабарлаған еді Ол кезде де желіде тараған суреттер қоғамда қызу талқыға түскен еді. Министрлік олардың ресми жобаға қатысы жоқ екенін айтып, жаңа дизайнның әзірленіп жатқанын растаған.
Министрлік мәліметінше, жаңа төлқұжаттың макетін әзірлеуге дизайнер мамандар тартылған. Алайда жұмыстың қашан аяқталатыны және соңғы нұсқаның нақты қашан бекітілетіні әзірге белгісіз.
Қазіргі төлқұжатты ауыстыру керек пе?
Жаңа үлгідегі төлқұжат енгізілген соң қазақстандықтарға қазіргі құжаттарын міндетті түрде ауыстырудың қажеті жоқ. Ішкі істер министрлігі мәліметінше, қолданыстағы төлқұжаттар жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін заңды күшін сақтайды. Демек азаматтар тек дизайн өзгергені үшін жаңа төлқұжат алуға міндеттелмейді.
Жаңа үлгідегі төлқұжат тек жаңадан құжат рәсімдейтін немесе қолданыстағы төлқұжатының мерзімі аяқталған, жоғалған не жарамсыз болып қалған азаматтарға беріледі.
Осылайша, жаңа дизайн енгізілгенімен, бұрын берілген төлқұжаттар өз мерзімі біткенше қолданыла береді.
Қазақстан төлқұжатының халықаралық рейтингі қандай?
Жаңа дизайн әзірленіп жатқанымен, қолданыстағы қазақстандық төлқұжат халықаралық рейтингтегі орнын жақсартып келеді.
Henley Passport Index 2026 рейтингі бойынша Қазақстан төлқұжаты 57-орынға көтерілді. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтар 78 елге алдын ала виза рәсімдемей-ақ бара алады.
Ал Global Passport Index 2026 рейтингінде Қазақстан әлем бойынша 109-орынға жайғасып, Орталық Азия елдері арасында көш бастады. Бұл рейтингте саяхаттау мүмкіндігімен қатар инвестициялық тартымдылық пен өмір сүру сапасы да ескеріледі.
Қазір төлқұжат рәсімдеу қанша тұрады?
2026 жылы мемлекеттік баж салығы құжаттағы бет саны мен өтініш берушінің жасына қарай белгіленеді:
- 36 беттік төлқұжат – 34 600 теңге (8 АЕК);
- 48 беттік төлқұжат – 51 900 теңге (12 АЕК);
- 16 жасқа дейінгі балаларға арналған 24 беттік төлқұжат – 17 300 теңге (4 АЕК).
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан паспорты Henley Passport Index әлемдік рейтингінде 57-орынға көтерілгені туралы жазған еді.к Енді Қазақстан азаматтары 78 елге визасыз бара алады.
Оқыңыз