Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

67 жастағы анасын тұрмысқа берген қазақстандық ер адам көпшіліктің ықыласына бөленді

67 жастағы ананың ұзатуы
Фото: Instagram.com/zereshaa/

Желіде 67 жастағы анасын тұрмысқа берген ер адам көпшіліктің ықыласына бөленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қуанышты жаңалықты қазақстандық кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдидің қызы – Зере Шәкерхан әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Ол жуырда отбасылық досының анасының тойына қатысқан. Оның айтуынша, 67 жастағы әйел өмірлік серігін егде жаста жолықтырған. Күйеу жігіт те өзімен құрдас екен.

Кадрлардан қалыңдықтың бір жағында болашақ жары, екінші жағында немересі қолтықтап, тойханаға кіріп келе жатқанын көруге болады. Жиналған қонақтар бұл әсерлі сәтті ерекше ықыласпен тамашалаған.

Кеш барысында күйеу жігіт қалыңдығына:

“Олечка, мен сені қатты жақсы көремін. Қалған ғұмырымды тек сенімен бірге өткізгім келеді”, – деп сезімін білдіріп, бетінен сүйген.

Тойда корей халқының ұлттық әндері шырқалып, дәстүрлі үйлену рәсімдері өткізілген. Жас жұбайлар ұлттық киім киіп, салт-дәстүрге сай жөн-жоралғыларды орындаған.

Салтанатты кеште Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева мен танымал әнші Анатолий Цой өнер көрсетіп, жұпқа музыкалық тарту жасаған. Ал немерелері әжесіне арнап ән айтып, тойдың ең әсерлі сәттерінің бірін сыйлаған.

Жылылық пен қуанышқа толы той кадрлары желі қолданушыларының жүрегін елжіретті. Олар жас жұбайларға ақ тілектерін жаудырып, анасының бақыты үшін осындай ерекше той ұйымдастырған ұлын мақтау мен алғысқа бөледі.

“Керемет әсер алдым! Осындай тамаша ұл тәрбиелеген анаға тәнтімін. Жас жұбайларға бақыт тілеймін”, “Қалыңдық пен күйеу жігіт өте жарасымды. Дендеріңіз сау болып, әрдайым бақытты әрі сүйікті болыңыздар”, “Мейірім мен махаббатқа бөленген қандай әдемі жұп! Осындай керемет той жасап, өмірге ерекше қуат сыйлаған балаларына алғыс”, – деп жазды оқырмандардың бірі.

Ал кейбір қолданушылар бұл оқиғаны махаббаттың жас талғамайтынының жарқын дәлелі деп бағалады.

“Қандай әдемі! Махаббатқа барлық жас бағынышты”, – деп түйіндеді олар.

Тойға қатысқан қонақтар үшін бұл кеш ерекше әсерлі өткен. Себебі жұптың оқиғасы бақыттың жасқа қарамайтынын, махаббаттың адам өміріне кез келген уақытта келуі мүмкін екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ал Зере Шәкерхан адамдардың “енді кеш қалдым”, “қайтадан сүюге кеш”, “жаңа өмір бастауға кеш” деген қорқынышпен жиі өмір сүретінін айтады. Алайда шынайы бақыт адамның жасына емес, оның жүрегінің дайындығына келеді.

“Махаббат ешқашан жасыңызды сұрамайды. Оған бұрын қанша рет жүрегіңіз жараланғаны немесе қанша уақыт жалғыз жүргеніңіз маңызды емес. Ең бастысы – оны қабылдауға дайын болу”, – дейді автор.

Оның сөзінше, бұл той шынайы бақыттың адам күткен сәтте емес, мүлде күтпеген уақытта келетінін көрсетті.

“Махаббатқа қайта сенуге де, өз адамыңды кездестіруге де ешқашан кеш емес. Егер дәл қазір бәрі артта қалды деп ойлап жүрсеңіз, мүмкін сіздің ең үлкен бақытыңыз әлі алда шығар”, – деп түйіндейді жазба авторы.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 24 Шілде, 2026 18:35
Талқылау