Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жақын күндері жер сілкінеді": Сейсмологтар желіде тараған ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады

 

Жер сілкінісінен зақымдалған жол
Фото: Magnific.com

Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы әлеуметтік желілерде тараған жойқын жер сілкінісі туралы қауесетке түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, кейінгі уақытта әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде және түрлі интернет-ресурстарда Қазақстанда жақын арада жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін деген ақпарат тараған.

Алайда мамандар Алматыда күшті зілзаланың жақындағанын көрсететін сейсмикалық ауытқулар тіркелмегенін мәлімдеді.

“Қазір ғылым жер сілкінісінің нақты күні мен уақытын, қай жерде болатынын және қуатын алдын ала дәл анықтауға мүмкіндік бермейді. Сондықтан ресми емес ақпаратқа сенбеуге шақырамыз”, – делінген ғылыми орталықтың хабарламасында.

Сонымен бірге сейсмологтар жер сілкінісіне алдын ала дайын болу қауіпсіздіктің маңызды бөлігі екенін еске салды. Мамандар төтенше жағдайға арналған сөмке дайындап, үйдегі қауіпсіз орындарды алдын ала белгілеп, отбасы мүшелерімен әрекет ету тәртібін талқылауға кеңес береді.

Алматыда жаңа сейсмикалық станциялар салынып жатыр

Қалада күшті жер сілкінісі туралы халықты ерте ескертуге арналған автоматтандырылған жүйені дамыту жұмыстары жалғасып жатыр.

Қазір 40 нүктенің нақты координаттары белгіленіп, оның 35-інде сейсмикалық станция салынған. Нысандардың орны геологиялық, геофизикалық және сейсмикалық ерекшеліктер ескеріле отырып таңдалған.

Жаңа станциялар қолданыстағы сейсмикалық бақылау желісіне қосылады. Бұл мониторинг аумағын кеңейтіп, жер сілкінісі туралы ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді.

2025 жылдан бері Алматы маңында жер сілкінісін ерте анықтайтын 70 автоматтандырылған станция орнату жұмыстары жүргізіліп келеді. Қазір Алматы облысының аумағында орналасқан 65 станцияның құрылысы аяқталған. Қалған бес нысанды осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Одан кейін жаңа станциялар қолданыстағы 28 автоматтандырылған ерте ескерту станциясымен біріктіріледі.

Тұрғындарға Mass Alert арқылы хабар беріледі

Қала тұрғындарын төтенше жағдай кезінде жедел құлақтандыру үшін Mass Alert жүйесін енгізу де жалғасып жатыр.

Сонымен қатар Алматы агломерациясының сейсмогеодинамикалық жағдайын зерттеуге арналған үш жылдық жоба жүзеге асырылуда. Жоба аясында тектоникалық жарықтардың цифрлық картасы, сейсмикалық модель және геодинамикалық белсенді аймақтардың картасы әзірленіп жатыр.

Мамандар жер бетінің жылжуы мен деформациясын да зерттеп жатыр.

Бұдан бөлек, 2023-2024 жылдары жүргізілген ғимараттарды тексеру нәтижесі бойынша Алматыдағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың сейсмикалық қауіпсіздігін арттыруға арналған 2026–2035 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары бекітілді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 24 Шілде, 2026 17:50
Талқылау