Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әскери киімдегі жігіттер құрылыс жұмыстарын жасап жүр: Қорғаныс министрлігі жағдайды түсіндірді

сарбаз
Фото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде әскери форма киген адамдардың құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан видеосы тарады. Сол кезде олар жеке аумақтағы құрылысқа тартылған болуы мүмкін деген болжам айтылған еді. Аталған жағдайға Қорғаныс министрлігі пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Желіде жарияланған видеодан әскери киімдегі бір топ жігіттің жүк көлігімен келе жатқанын, кейін құрылыс алаңында жұмыс істеп жүргенін көруге болады.

“Құзырлы органдар әскери форма киген жастардың белгісіз нысан құрылысымен неге айналысып жүргенін түсіндірсе екен”, – делінген видео сипаттамасында. 

Қорғаныс министрлігі не дейді?

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әлеуметтік желіде тараған ролик екі бөлек видеодан құрастырылған.

Ведомство хабарлауынша, алғашқы кадрлар Шымкент қаласындағы Әскери-техникалық мектептегі жігіттердің әскери техникамен тактикалық сабаққа шыққан кезінде түсірілген. 

Ал видеоның екінші бөлігінде мектеп аумағында өткен шаруашылық күні көрсетілген. Министрлік мәліметінше, онда тыңдаушылар оқу орнының аумағын тазалап, абаттандыру жұмыстарын жүргізген.

Бұл жағдайға Шымкент әскери-техникалық мектебінің оқытушылары пікір білдірді. Оның айтуынша, курсанттар сенбілік аясында жоспарлы тазалық жұмыстарын атқарған.

“Алғашқы кадр жеке құрамның далалық оқу-жаттығуынан, оқу атыстарынан қайтып келе жатқан сәтінде түсірілген. Екінші кадрда парктік-шаруашылық күні өтетін мектеп аумағы көрсетілген. Мұндай жұмыстар әр сенбі сайын осы жерде ұйымдастырылады”, – деді запастағы майор Асқар Мейірімов.

Министрлік қызметтік тексеріс бастады

Берілген түсініктемелерге қарамастан, Қорғаныс министрлігі қызметтік тексеріс бастағанын мәлімдеді. Олар жастарды аталған жұмыстарға тарту тәртібінің сақталғанын осылай анықтамақ. 

“Тексеру қорытындысы бойынша лауазымды тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі. Егер заңбұзушылықтар анықталса, кінәлілер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады”, – делінген жауапта. 

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде әскери қызметкер есірткіге мас күйде ұсталғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 24 Шілде, 2026 19:49
Талқылау