Қазақстанда доллар бағамы бірден 10 теңгеге өсті

24 шілдеде Қазақстан қор биржасындағы күндізгі сауда қорытындысы бойынша доллардың орташа бағамы 476,07 теңгеге жетті. Осылайша, АҚШ валютасы бір күнде 9,85 теңгеге қымбаттады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
KASE-дегі күндізгі сауда Астана уақытымен сағат 15:30-да аяқталды. Сауда қорытындысы бойынша ресейлік рубльдің бағамы да 0,13 теңгеге өсіп, 6,08 теңге болды. Ал Қытай юані 1,50 теңгеге қымбаттап, 70,25 теңгеге жетті.
Ұлттық банк 24 шілдеге доллардың ресми бағамын 465,74 теңге деп белгілеген. Еуроның ресми бағамы — 531,08 теңге, ал Ресей рублі — 5,92 теңге.
Алматыдағы ақша айырбастау орындарында долларды орта есеппен 473,82 теңгеден сатып алып, 476,81 теңгеден сатып жатыр.
Астанада долларды сатып алу бағамы орта есеппен 470,97 теңгені, ал сату бағамы 477,97 теңге болды.
Жалпы, елдегі айырбастау орындарында доллар 472–477 теңге, еуро 540–546 теңге, ал рубль 5,69–5,83 теңге аралығында сатылып жатыр.
Бұл ретте әлемдік нарықта мұнай бағасы да өсті. Brent маркалы мұнайдың фьючерстері 0,37% қымбаттап, барреліне 101,06 долларға жетті. Ал америкалық WTI мұнайы 1,9% өсіп, барреліне 91,20 доллар деңгейінде саудаланды.
Оқыңыз