"Оқушылар әкімдіктерде, мәдениет үйлерінде оқып жүр": Қостанай мектептері уақытында жөндеу жұмыстарын аяқтамаған
Қостанай облысының жеті мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталмай қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап.
Сурет: “Хабар 24” түсірілімінен скриншот
Мектептегі жөндеу жұмысы аяқталмағандықтан, оқушылар мәдениет үйі, әкімдік пен балабақшалардың кабинеттеріне барып оқуға мәжбүр. Ал бұл ғимараттардың көпшілігінде балаларға жағдай жасалмаған, ыстық тамақ сататын асханалар жоқ, жылу жүйесі нашар, ал дәретханалары далада.
Биыл өңірде 108 білім беру мекемесін күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарымен қамтамасыз ету шаралары жасалды. Бұған жеті миллиард теңге бөлінген.
Алайда ұзақ конкурстар мен жауапкершілігі төмен кесірінен жөндеу белгіленген уақытында бітпеді.
“Облыстың жеті мектебінде құрылыс жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, "Білім-инновация" лицейі жатақханасының жөндеу жұмыстары тоқтатылды, ал Амангелді ауданының Жаңаауыл мектебінде жөндеу жұмыстар басталмады. Бірақ бұл процессті тез аяқтау керек” – деді Қостанай облысының Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Алена Малгаева.
Департамент басшысының айтуынша, мерзімі кешіктірілген күрделі жөндеу жұмыстары бойынша талап-арыздар дайындалып, сот органдарына жолданады.
Естеріңізге салсақ, осыған дейін Түркістандағы мектеп 10 жыл болмай құлағалы тұрғаны жарияланған еді.