Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

20 жастағы фельдшердің өлімі: Астанада опырылған қасбеттің суреттері көрсетілді

сот
Фото: Видеодан скрин

Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты кезекті сот процесі өтіп жатыр. Отырыста прокурорлар Нұрдәулет Әбуов пен Саяжан Серікбаева оқиға орнында түсірілген суреттерді және Google Maps-тегі панорамалық кадрларды көрсетті. Құжаттар зардап шеккендердің қозғалған бағыты мен қасбеттің құлаған жерін нақты анықтау үшін қажет. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сотта Ұлдана Мырзуан көмек көрсету үшін барған әйелдердің бірі жәбірленуші ретінде жауап берді. Ол сол күні сіңлісімен бірге аула жақтан дүкенге апаратын өткелмен өтіп бара жатқан. Сол кезде қасбет опырылған.

“2025 жылы 8 қарашада сіңліммен дүкенге бардым. Есіктен кірмек болған кезде кенеттен жаңбыр секілді тарсылдап, кірпіштер құлай бастады. Не болғанын бірден түсінбедім. Қолыммен басымды жаптым. Кірпіштер кеудемді қысып қалды, тіпті дыбыс шығара алмадым. Дүкеннен екі жігіт шығып, үстімдегі кірпіштерді алып, қолымнан тартып, үйіндінің астынан шығарды. Мені дүкеннің есігінің алдына отырғызды”, – дейді жәбірленуші. 

Содан кейін әйел екі жігіттен үйінді астында қалған сіңлісін тезірек шығаруды сұраған. 

“Сіңлім дүкенге кіріп үлгерді деп ойладым. Кейін мені сүйреп шығарған кезде, үйінді астынан оның күртесінің бір бөлігін көрдім. Дауысын да әрең естідім. Сіңлім тұтас кірпіштердің астында қалып қойған екен. Өтіп бара жатқан адамдар оны шығармақ болды. Бірақ бір әйел “Тимеңдер!” деп тоқтатты. Сондықтан үстіндегі кірпіштерді аздап қана алып, жедел жәрдем келгенше сол жерде қалдырдық”, – деді жәбірленуші сотта.

Ол қасбет екінші рет опырылған кезде жоғарыдан кірпіштер ғана емес, сыртқы кондиционер блогы мен металл конструкциялар да құлағанын айтты.

Оның айтуынша, жігіттердің бірі сөмкелерін әкеліп берген. Содан кейін ол ағасына телефон шалып, болған жағдайды хабарлаған. Кейін оқиға орнына жедел жәрдеммен екі фельдшер келген. Артынша жәбірленушілердің ағасы да әйелімен бірге жеткен. Фельдшерлер үйіндінің астында жатқан әйелге қарай барған.

“Көп ұзамай, бірден кірпіштер қайтадан құлай бастады. Мен сіңлім қайтыс болған шығар деп ойладым. Сол кезде фельдшерлердің бірі басын қолымен жауып, еңкейіп дүкенге қарай жақындап, ішке кірді. Сол уақытта әлгі қыз “Ұлдана” және “кондер” деді. Бәрі қозғала бастады. Біреу зембіл әкелді. Алдымен Ұлдананы зембілге салды, екінші зембілге інімді жатқызды. Кейін сіңлімді де зембілмен алып кетті”, – деді әйел. 

Кейін зардап шеккендер ауруханаға жеткізілген. Әйелдің айтуынша, оны зембілмен аурухананың ішіне кіргізген. Сол жерде оған өзін Ұлдананың енесі ретінде таныстырған әйел келіп, болған жағдайды сұраған. Кейін фельдшердің күйеуімін деген ер адам да келіп, оқиға туралы сұраған.

Тексеруден кейін жәбірленуші әйел политравма бөліміне жатқызылған. Дәрігерлер одан бірнеше жерден сынық, ми шайқалуы және бас-ми жарақатын анықтаған. Әйелге ота жасалған.

“Ауруханадан шыққан соң үйде жаттым. Қазір сіңлім екеуміз жұмыс істей алмаймыз. Бізге үшінші топ мүгедектігі берілді. Қолыма металл конструкция қойылған, қараша айында тағы ота жасалуы керек. Бір отбасынан үш адам жарақат алды. Бұл жарақаттар үшін кім жауап береді? Материалдық және моральдық шығынды кім өтейді?”, — деді әйел.

сот
Фото: Видеодан скрин

 

Мүлік иелері бірлестігі жұмысына шағым айтылды

Жәбірленуші тарап учаскеде қарапайым қауіпсіздік шараларының сақталмауына мүлік иелері бірлестігі басшылығының тікелей кінәсі бар екенін айтты.

“5-6 ай жұмыс істеген уақыт ішінде ешқандай тексеру жүргізілмеген. Олар бұл мәселеге немқұрайлы қараған. Ең болмағанда, осы өткелді жауып қоюына болатын еді. Балалар сол жерден өтіп, үнемі каратэ секциясына барады. Бұл жерден күн сайын өте көп бала өтеді”, – деді жәбірленуші.

Сот отырысы мен іске қатысы бар адамдардан жауап алу жалғасып жатыр.

Еске салсақ, 18 тамыз күні Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі басталғаны туралы жазған едік. Іс бойынша Ұлдана қаза тапқан үйдің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязоваға қылмыстық кодекстің "міндеттеріне адал қарамау" бабы бойынша айып тағылған. Айыпталушы сотта өзіне тағылған айыппен келіспейтінін және кінәні мойындамайтынын мәлімдеді. 

Алғашқы сот отырысында марқұмның бұрынғы күйеуі жәбірленуші мәртебесінен бас тартқысы келетінін мәлімдеді. Алайда сот оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. 

Айта кетейік, марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі қайғылы оқиғадан 8 ай өткен соң қайта шаңырақ көтеріп, көптің сынына қалған еді. 

20 тамыздағы сотта жәбірленуші ретінде танылған марқұмның бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел әкімдік берген 20 миллион теңгенің қайда жұмсалғанын айтып берді. Ол өтемақының 4,5 миллион теңгесін Ұлдананың анасына бергенін мәлімдеген еді.

Мән-жайы

Еске салайық, фельдшер Ұлдана Мырзуан 2025 жылдың қарашада Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қайғылы жағдайда қаза тапты. Ол тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге барған сәтте көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қасбетіндегі кондиционер блогы құлап, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер бірнеше күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, 18 қарашада жас фельдшер ауруханада көз жұмды.

Кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қайтыс болғаннан кейін “Ерлігі үшін” медалімен марапаттады.

Stan.kz
Сәрсенбі, 26 Тамыз, 2026 13:58